АҚШ азаматтарынан жинаған салықтан Палестинаға ақшалай көмек бергелі жатыр

АҚШ президенті Джо Байден әкімшілігі Палестинаға берілетін қаржылай көмекті жаңғыртқалы жатыр. Бұл туралы Штаттардың Мемлекеттік департамент өкілі Нед Прайс арнайы баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Жалпы АҚШ тарапынан 235 миллион доллар бөлінбек. Оның 150 миллионы Біріккен Ұлттар Ұйымы арқылы беріледі. 75 миллион доллар Газа секторы мен Иордан өзенінің Батыс жағалауын дамытуға жұмсалмақ. Қалған 10 миллион доллар бейбітшілік орнату бағдарламасына арналады.

Естеріңізге сала кетейік, палестиналықтарды қолдау бағдарламасы Дональд Трамп АҚШ-ты басқарған жылдары алынып тасталған болатын. 

Нед Прайс, АҚШ Мемлекеттік департаментінің өкілі:

- Біз Палестина халқын экономикалық дамыту, қауіпсіздік және гуманитарлық қолдау іс-шараларын қайта бастамақпыз. Бұл көмек АҚШ-тың маңызды мүдделері мен құндылықтарының қатарына жатады. Біздің елдегі азаматтардың төлейтін салығынан құралған жәрдем Палестинадағы қолдауға мұқтаж әйелдердің, ерлердің және балалардың игілігіне жұмсалады.