Қырғызстанда ЕАЭО елдерінен импортталатын тауарлар цифрлық есептен өтетін болды

Қырғызстанда Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерден импортталатын барлық тауар цифрлық есептен өтетін болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл мақсатта арнайы бақылау жүйесі енгізіледі. Жергілікті кәсіпкерлер бұл жаңашылдыққа дайын екенін айтқанымен, тауарларды рәсімдеу ісін одан әрі қиындатпауды сұрап отыр.

Мемлекеттік салық қызметі бұл жүйеге «Құрама бекет» деген атау берді. Қырғызстан шекарасынан өткен тауардың әр данасына бірегей сәйкестендіру коды беріліп, дерекқорға енгізілуі тиіс. Тауар есебі мен қозғалысына жауапты барлық мекеме бұл ақпаратты көре алады. Осылайша, тиісті органдар кәсіпкерлер қанша мөлшерде салық төлеу керек екенін біліп отырады.

Кубанычбек Шатемиров, Қырғызстан Мемлекеттік салық қызметі төрағасының орынбасары:

- Еуразиялық экономикалық одақ аясында қазыналық мониторинг бастамасын жүзеге асыру қарастырылған. Яғни, шекараларымыз арқылы тауардың кедергісіз өтуін қамтамасыз ету үшін ақпарат осындай, бүгін біз таныстырған «Құрама бекет» жүйесі немесе электронды жүккұжаттар жүйесі арқылы алынады.

Қырғызстандық импорттаушылар сауда құжаттарын цифрлық жүйеге өткізу туралы бастаманы қолдап отыр. Бұл жұмысты жеңілдетіп, келісімдерді рәсімдеу мен тауарды жеткізу ісін тездетеді. Дегенмен, кәсіпкерлер Мемлекеттік салық қызметі әзірлеген жүйе тым күрделі дейді. Олардың айтуынша, электронды бір құжаттың орнына бірнешеуін толтыруға тура келеді.

Марат Келдибек Уулу, Азық-түлік өнімдерін жеткізуші компанияның бас директоры:

- Бұл құжат жөнелтушіден алушыға белгілі бір мөлшерде жүк келгенін көрсетуі тиіс. Алайда процесті күрделендіріп жіберген. Мысалы әрбір тауардың бағасын көрсетіп, көп құжат толтыру керек.

Осы ретте кәсіпкерлер Қазақстаннан үлгі алуға кеңес беріп отыр. Біздің елде тауар қозғалысы туралы барлық мәлімет электронды жүкқұжатында бар. Цифрлық құжат бүкіл республика аумағында жарамды және барлық іс-қимыл жасау үшін осы бір құжат қана жеткілікті. 

Авторы: Бақыт Чермашев