Украина президенті Владимир Зеленский Донбассқа барды

Украина басшысы Владимир Зеленский Донбассқа барып, сарбаздармен кездесті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Президент баспасөз қызметінің мәлімдемесіне сәйкес, Зеленскийдің сапары жауынгерлердің рухын күшейтуге бағытталған. Мемлекет басшысы өкілдерінің айтуынша, соңғы уақытта Украинаның шығысында атысты тоқтату келісімі жүйелі түрде бұзылып жатыр екен. Салдарынан бірнеше украиналық сарбаз қаза тауып, жарақат алған. Жалпы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының хабарлауынша, мойындалмаған Луганск халық республикасының өзінде атысты тоқтату режимі бірнеше мәрте бұзылған.

Бұған дейін Ресей Украинамен арадағы шекара маңында өз әскерінің жауынгерлік дайындығын тексеретіні туралы ақпар тараған еді. Осыған байланысты Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков мәлімдеме жасап, өзге елдерге қауіп жоқ екенін жеткізді.

Десе де, Ресейдің Украина шекарасындағы әскери белсенділігі АҚШ-ты алаңдатып отырған көрінеді. Ақ үй өкілінің мәлімдемесіне сәйкес, Мәскеу Украина шекарасына 2014 жылдан бері өте көп сарбаз жіберген.

Джен Псаки, Ақ үйдің баспасөз-хатшысы:

- АҚШ ресейлік әскерилердің Украинамен арадағы шекара маңына шоғырлануына алаңдаушылық білдіріп отыр. Өйткені тек соңғы аптаның өзінде Украина күштерінің бес сарбазы мерт болды. Біз аймақтағы ахуал жайын президент Зеленскиймен талқылап, шиеленістің өршуіне байланысты өз алаңдаушылығымызды білдірдік.