Рамазан айында кіші қажылыққа бару мүмкін бе?

Күллі мұсылман қауымы асыға күткен Рамазан айына санаулы күн қалды. Ораза биыл да пандемиямен қатар келіп отыр.

Сауд Арабиясының билігі үш талаптың бірін орындаған мұсылмандар ғана кіші қажылыққа бара алатынын айтты.

Әлем елдері Рамазан айына дайындықты бірнеше апта бұрын бастап кетті. Былтыр осы кезде дүкен сөрелерінде азық-түлік тапшы болса, биыл жағдай біраз оңалды. Десе де көптеген елдерде ауызашар кезінде кең дастархан жайып, халықтың көптеп жиылуына тыйым салынып жатыр. Мешіттерде де арақашықтық сақталып, келушілердің саны шектелді. Бұған кей елдердегі коронавирустың күш алуы себеп. Оған қоса індеттің мутацияға ұшыраған түрлі штамдары тарап жатыр. Сауд Арабиясының билігі қасиетті Рамазан айында індет таралмауы үшін кіші қажылыққа баратындарға бірнеше талап қойды. Атап айтқанда, вирусқа қарсы вакцинаның екі дозасын алған адам, немесе екпенің алғашқы дозасын умраға барардан 14 күн бұрын еккен, не болмаса қажылыққа шығар алдында осы індеттен толық сауыққан адамдар ғана қажылыққа бара алады.

Қазір халықаралық көлік қатынастарына да шектеулер қатаңдатылып жатыр. Мысалы, Біріккен Корольдікте себепсіз жолға шыққан саяхатшылар 5 мың фунт мөлшерінде айыппұл төлеуге мәжбүр. Мұндай шектеулер Таяу Шығыс елдерінде де бар. Ал ораза кезінде діни уағыз, насихат айтуы үшін түрлі онлайн-жобалар қолға алынған.

Мохаммад Мохсин, Пәкістан тұрғыны:

– Коронавирустың кесірінен көптеген шектеуге тап болдық. Бірақ бұған қарамастан халық барынша дайындалып жатыр. Билік өкілдерінен де қолдау көрсетіліп жатыр. Өкініштісі Рамазан айы жақындаған кезде азық-түлікке деген баға шарықтап кетеді.

Көптеген ислам ғалымдары ауыз бекіту кезінде вакцина қабылдаған адамның оразасы бұзылмайды дейді. Осыған орай Ұлыбритания билігі мен осы елдің Ұлттық Денсаулық сақтау қызметі мұсылмандар үшін екпе егу тоқтатылмайтынын айтып, халықты вакцина қабылдауға шақырып отыр. Тіпті елдің бірнеше мешіттерінде екпе егу орталықтары ашылған. Ал Таяу Шығыс елдеріне жеткен вакцинаның шектеулі екенін ескерсек, қатаң санитарлық талаптар әлі де сақталып, мешіттердің біразы ашылмауы әбден мүмкін.

Обайд Улла, Исламабад тұрғыны:

– Биліктің бұл шешімімен келіспеймін, Рамазан айында мешіттер ашық болуы керек. Халық кез келген уақытта мінәжат ету үшін мешіттерге бара алғаны дұрыс қой.

Тарауық намазы да Таяу Шығыстағы көптеген мешітте оқылмайды. Ал Сауд Арабиясының кей мешіттерінде келетін адам саны шектеледі. Мысалы, пандемияға дейін 350 мың адам сиятын Масджид ан-Набави мешітіне  тек 60 мың адамның кіруіне рұқсат. Ара-қашықтық жіті бақыланады. Ал ауызашарға арналған арнайы шатырлар құруға тыйым салынды. Мейрамханалардың да бұл іске араласуына болмайды.

Сондай-ақ...