Түркияның бірқатар провинциясында коменданттық сағат жарияланды

Түркияда ковид-19 дертін 55 мың 791 адам жұқтырып, науқастар саны рекордты көрсеткішке жетіп қалды. Ауырғандардың 2 мың 658-і ауыр халде жатыр.

Бұл туралы елдің Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді. Індеттің ушығуына байланысты көптеген провинцияда жұмадан дүйсенбіге дейін коменданттық сағат жарияланды. Тұрғындарға демалыс күндері кешкі 9-дан таңғы 5-ке дейін көшеде себепсіз жүруге болмайды. Келесі аптада бұл шектеулер бүкіл ел бойынша 1 ай уақытқа енгізілмек. Түркияда қаңтарда қытайлық вакцинаны егу науқаны басталды. Ал өткен айдан бері «Пфайзер-Байонтек» препараты егіліп жатыр. Қазірге дейін вакцинаның 2 дозасын алғандар қатары 7 миллион адамнан асты. 

Фикрет Олук, автобус жүргізушісі:

- Өкінішке орай, адамдар ережелерді ұстанбайды. Менің автобусыма 69 жолаушы ғана кіруі керек. Бірақ дәл қазір 89 адам кіріп алған. Айтсақ, өзімізбен ұрысып, бой бермейді. Тіпті іште бетпердесіз отыратындар бар. Олар өздерін ғана емес, өзгелердің де жағдайын ойламайды.