Британияда Филипп ханзаданың қазасына байланысты аза тұту аптасы басталды

Бірнеше күн елдегі байрақтар төмен түсіріліп, парламент ешқандай заң қабылдамайды.

Сәуірдің 17-сі өтетін жерлеу рәсіміне коронавирустық шектеулерге байланысты отбасы мүшелері ғана қатысатын болды.

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

– Пандемияға байланысты Филипп ханзаданы жерлеу рәсімі көпшіліктің қатысуымен өтпейді. Көшелерде шеру, ханзадамен қоштасуға арналған қаралы шара ұйымдастырылмайды. Дей тұрғанымен, халық Букингем сарайы алдына жиналып, гүл шоқтарын қойып жатыр.

Темір қоршаудың арғы жағына кезек-кезек кірген британиялықтар бірнеше минут аялдап аза тұтуда. Полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіпті бақыласа, қаз-қатар тізілген телевизиялық түсірілім топтары хабар таратып жатыр. Локдаунға байланысты марқұмның құрметіне шырақ жағып, естелік кітабына пікір жазуға рұқсат етілмеді. Бірақ Корольдік отбасының ғаламтордағы парақшасына кіріп, тілек қалдыруға болады.

БЛИЦ:

– Біз бүгін гүл шоқтарын әкелген жоқпыз. Оның орнына патшайымның кеңесіне құлақ асып, қайырымдылыққа ақша аударамыз деп шештік.

– Ол британиялық корольдік отбасының асқар тауы болатын. Эдинбург герцогының орны ойсырап қалатыны анық.  

Көзі тірісінде Эдинбург герцогы Филипп ханзаданы жұрт «Елизавета ІІ-нің күйеуі» деп атады, бірақ ол бұл атақтан еш қымсынбады. «Менің негізгі және жалғыз жұмысым – патшайымды ешқашан жаман атты қылмау» деумен болды. Бұрынғы лауазымдарынан бас тартып, православ христиан дінінен англикандыққа өтті. Әскери флоттағы қызметін тастап, тіпті балаларына жұбайының тегін беруге келісті. 99 жасында қайтыс болған ханзада өмірінің 73 жылын патшайыммен бірге өткізді. Үш ұл, бір қыз тәрбиеледі.   

Чарльз Ханзада, Филипп ханзаданың ұлы:

- Ол анамды қолдау үшін күш-қуатын аямады. Өте ұзақ уақыт бойы міндетін абыроймен атқара білді. Оның істеген ісін ерлікпен пара-пар деп есептеймін.

Патшайымның сүйеніші бола білген Филипп ханзаданың құрметіне зеңбіректер бүкіл Британия бойынша 41 рет оқ атты. Бұған дейін мұндай құрмет тек Виктория патшайым мен Уинстон Черчилльге ғана көрсетілген екен.

Келер сенбіге жоспарланған Эдинбург герцогын жерлеу рәсіміне қатысушылар саны 30 адамнан аспайтын болды. Өйткені локдаун талаптары сондай. Оған АҚШ-тағы немересі Гарри ханзада жұбайы Меган Марклсыз ұшып келмек, ал премьер-министр Борис Джонсон өз шақыруын Корольдік отбасы мүшелеріне беретін болды.

Ғалымжан Қараманұлы