Фукусима тұрғындары наразылық акциясын ұйымдастырды

Фукусима префектурасының тұрғындары наразылық акциясын ұйымдастырды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жиналған жұрт жергілікті биліктің Атом электр станциясынан ластанған суды Тынық мұхитына төгетін шешіміне қарсылығын білдірді. Ел билігі балықшылардың наразылығына қарамастан, Тынық мұхитына су ағызу нұсқасын бұрыннан ұстанып келеді. Балықшылар «халық теңіз өнімдерінен бас тартуы мүмкін» деп дабыл қағады. Бүгінде ластанған су мыңдаған қоймада сақталған.  Биліктік бұл шешіміне экобелсенділер де қарсы. Мәселеге қатысты нақты шешім ертең жарияланады.

Кадзуёси Сато, белсенді:

- Үкімет қарапайым халықпен санаспайды. Біз бұл тоқтамға түбегейлі қарсымыз. Билік халықтың пікірін ескеру керек. Мұхиттың суын ластауға жол берілмейді. Фукусимада балық және теңіз өнімдерінің шаруашылығы бір ізге қойылған. Қаншама адам нәпақасынан айырылуы мүмкін. Сондықтан мәселе біржақты шешілмеуі керек.