Бөкей Ордасы ауданында киік мүйізін заңсыз тасыған күдіктілер ұсталды

Батыс Қазақстан облысының Бөкей Ордасы ауданында аса ірі көлемде киік мүйіздерін алып жүрген күдіктілер ұсталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл осы аудан аумағында полиция ұйымдастырған арнайы операцияның нәтижесі. Күдіктілердің көлігінен 8 қапқа бөліп салынған 800-ден аса киік мүйізі табылды. Айта кету керек, жыл басынан бері аймақта заңсыз аң аулаудың 5, ал олардың бөліктерін пайдаланудың 15 фактісі тіркелген. Жалпы мұндай қылмыстар үшін 3 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Болатбек Белгібеков, облыстық ПД баспасөз қызметінің басшысы:

- Бұл мүйіздердің құны шамамен қазір 2 миллиард теңгені құрайды. Ұсталған адамдардың басқа да қылмыстарға қатысы бар екені тексерілуде. Бұл соңғы жылдары браконьерлерден тәркіленген киік мүйіздерінің ең ірі партиясы болып табылады. Олар ҚК 128-бабына сәйкес уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Оларға қатысты ҚК 339-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.