Ұлыбританияда карантин режимі жеңілдей бастады

Ұлыбритания билігі қатаң карантин режимін жеңілдетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгіннен бастап осы елдегі ашық аспан астындағы мейрамхана мен пабтар жұмысын  жандандырады. Сонымен қатар спорт залдар, кітапханалар, сән салондары мен азық-түлік емес дүкендер қайта ашылады. Мұнда бұған дейін енгізілген коменданттық сағаттың күші де жойылатын болды.

Айта кетейік, бүгінде Ұлыбританияда коронавирусқа қарсы екпе егу науқаны бір ізге қойылған. Премьер-министр Борис Джонсонның хабарлауынша, шамамен 7 млн-нан астам адамға вакцина егілген. Өткен тәулікте қауіпті дерттен 7 адам көз жұмды. Мамандардың айтуынша, бұл қыркүйек айынан бергі ең төменгі көрсеткіш.

Луиза Портер, қонақ үй директоры:

- Біз үшін керемет жаңалық! Әрине, сәл қорқыныш та бар. Десе де, барынша сақтануға тырысамыз. Халықпен жүзбе-жүз кездесіп жұмыс істегенге не жетсін! Меймандарға қызмет етуге дайынбыз!

Карантин талаптары Чехияда да жеңілдеді. Бүгіннен бастап бастауыш сынып оқушылары партаға қайта отырды. Көптеген сауда орны, саябақтар мен хайуанаттар бақтары да есігін айқара ашты.

Айта кетейік, 10 млн 700 мың халқы бар елде ковид дертінен 27 мың адам көз жұмған.