429,33 519.25 5.73
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қырғызстан президенттік республикаға айналады

  • 138
  • UPD: 22:07, 12.04.2021

Кеше көрші елде конституцияға өзгерістер енгізу бойынша референдум өтті.

Сайлау учаскелеріне келген азаматтардың 80 процентке жуығы мемлекет басшысының өкілеттілігін күшейтуді қолдап, дауыс берген.

Референдумге дайындық жұмыстары небәрі екі айға жалғасты. Сайлаушылардың біразы не үшін дауыс беру керек екенін жіті түсіне алмаған. Сондай-ақ плебисцит жергілікті Кенешдерге сайлаумен бір мезгілде өтті. Сондықтан конституцияға түзетулердің мәнін түсіну одан әрі күрделеніп кеткен. Өткен сайлау науқандарымен салыстырғанда, бұл жолы халықтың белсенділігі едәуір төмен болған. Референдум нәтижесі заңды күшке ие болу үшін, сайлаушылардың 30 процентінен астамы дауыс беруі тиіс.

Нұржан Шайлдабекова, Қырғызстан орталық сайлау комиссиясының төрағасы:

– Референдумге бір миллион 336 мың 743 сайлаушы қатысқан. Бұл дауыс беру құқығына ие азаматтардың жалпы санының 37,8% проценті. Ал олардың 79,24 проценті конституцияға түзетулер енгізуді қолдаған.

Ата заңға енгізілген түзетулерге сәйкес елдегі бар билік президенттің қолында шоғырланады. Мемлекет басшысы сыртқы саясатты белгілеп, Жоғары және Конституциялық соттың судьяларын тағайындап, үкіметті басқарады. Министрлер кабинетінің жұмысын президент әкімшілігі үйлестіреді, ал премьер-министр қызметі алынып тасталады. Парламент депутаттарының саны жүз жиырмадан тоқсанға дейін қысқаратын болды. Жогорку Кенешпен қатар Халық құрылтайы да жұмыс істейді. Бірақ тұрақты негізде емес. Құрылтай мүшелері сессияға жиналып тұрады. Делегаттар міндетін атқара алмаған шенеуніктерді қыметінен босату туралы президентке ұсыныс жасай алады.

Ольга Ковитиди, ҰҚКҰ парламенттік ассамблеясының байқаушысы:

– Орталық сайлау комиссиясына түскен ескертулер сайлау нәтижесіне әсер ете алмайды. Ұжымдық Қауіпсіздік Келісімшарт Ұйымы Парламенттік Ассамблеясының халықаралық байқаушылары референдум заңды өткенін мәлімдеді.

Референдум барысында 93 мыңдай жарамсыз бюллетень тіркелді. Бір бөлігін әдейі бүлдірген, қалғаны бос, толтырылмаған. Орталық сайлау комиссия өкілдері азаматтардың саналы таңдау жасауы үшін, кез келген өзекті мәселеге қатысты бүкілхалықтық дауыс беру процесін сайлаумен бір уақытта өткізудің қажеті жоқ екенін алға тартады. Алайда плебисцит өткізер алдында ел билігі бөлек науқандарды өткізу бюджетке тым қымбат болатынын мәлімдеген еді. Сондай-ақ күзде парламенттік сайлау өтетінін де ескеру керек дейді.

Бакыт Чермашев

Хабар 24 телеарнасы