Үндістанда бір млн жуық адам өзенге шомылып, діни рәсімді атап өтті

Үндістанда коронавирус инфекциясының өршіп тұрғанына қарамастан бір миллионға жуық адам Ганг өзенінде өткен діни рәсімге қатысты.

Жуырда ғана бұл елде коронавирус жұқтыру бойынша рекордтық көрсеткіш тіркелген еді. Бір тәулікте 160 мыңнан астам адамнан қауіпті вирус анықталған болатын. Бірақ соған қарамастан жиналғандар қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтауды ұмытқан. Тұрғындар тәртіп сақшыларының әлеуметтік арақашықтықты сақтау туралы ескертулерін де елемеді.

Санджай Гунджал, полицей:

- Көріп тұрғандарыңыздай, азаматтарға міндетті түрде маска тағу керегін айтып жатырмыз. Адам қарасы өте көп болғандықтан, арақашықтық сақтау жағы қиын болып тұр. Соның салдарынан жазатайым оқиғалар орын алуы мүмкін ғой. 

Айта кетейін, Үндістан коронавирус жұқтыру көрсеткіші бойынша әлемде екінші орынға шықты. Бұл туралы «Таймс оф Индиа» хабарлады. Індет басталғалы бері қауіпті инфекция 13 миллион адамға жұққан.