Таиландта екі қабатты автобус өртеніп, бес адам көз жұмды

Таиландтың Кхонкэн провинциясында екі қабатты автобус өртенді.

Оқиға салдарынан бес адам көз жұмып, тағы 20 адам жарақат алды.

Мәліметтер бойынша көлікте 33 жолаушы мен жүргізуші болған. Ол Бангкокқа бет алған.

Автобус жүріп бара жатқанда артқы дөңгелегі жарылып, өрт шыққан. Өрт көп ұзамай көліктің қозғалтқыш бөлігін жалмап, автобустың ішкі бөлігіне жайылды. Өрт сөндірушілер тілсіз жауды жарты сағатта сөндірді, дегенмен ол кезде автобус толықтай өртеніп кеткен болатын.