Әлем елдерінде қасиетті Рамазан айы қалай басталды?

Мұсылман қауымы үшін қасиетті Рамазан айы биыл тағы да карантин кезінде өтеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Былтыр көп елде қатаң шектеу енгізілді. Бірақ бұл жолы әлдеқайда жеңілірек. Бұған тұрғындар мәз. Бірақ кейбір елдерде коронавирус дес бермей тұр.

Солардың қатарында Түркия бар. Сондықтан билік биыл Рамазан кезінде шектеу шараларын қатаңдатуға мәжбүр болды.

Биыл Рамазан айы кезінде ең қатаң шектеу шараларының бірі Түркияда енгізіліп отыр. Ол түсінікті. Өйткені эпидемиологиялық ахуал ушығып барады. Мәселен, кейінгі тәулікте мұнда анықталған деректер саны 55 мыңға жуықтаған. Әлем елдерінде қасиетті Рамазан айы қалай басталды?

***

Индонезияда өңірлер арасында қатынауға тыйым салынды

Мұсылмандар саны жағынан ең ірі ел Индонезия – Оңтүстік-Шығыс Азия өңірінде коронавирустан ең қатты зардап шеккен мемлекеттің бірі. Мұнда індет жұқтырғандар саны 1,5 миллионнан асады. Көз жұмғандар 43 мыңға жуықтайды. Индонезияда Рамазан айы кезінде өңірлер арасында қатынауға шектеу қойылды. Былтыр билік бүкіл мешіттерді жауып тастаған. Алайда биыл ондай қатаң талап жоқ. Мешіттер ашық. Сауда орталықтары қызметін қайта жандандырып, тамақтану орындары клиенттерді қабылдай бастады. Бұған кейбір тұрғындар қуанса, енді бірі қапалы.

Блиц 1:

- Бәрі бұрынғыдай болады деп ойлаймын. Көп адам болып ауыз ашып не сәресін ішкенге не жетсін! Сол кездерді сағынып қалдық.

Блиц 2:

- Жеке өз басым шектеу шараларын жеңілдетуге әлі ерте деп ойлаймын. Былтырғыдай қатаң ережелерді қалдыру керек еді. Өйткені вирус жұқтыру қаупі әлі де жоғары.

***

Египетте биыл шектеу шаралары қатаң емес

Мысырда да биыл былтырғыдай шектеу шаралары қатаң емес. Өткен жылы коменданттық сағат жарияланған. Алғашында мешіттер жабық болды. Бірақ бұл жолы ондай шектеулер жоқ. Сол себепті базарларда кісі қарасы қалың. Бұған кәсіпкерлер де, тұрғындар да мәз.

Блиц 1:

- Былтыр мерекелік көңіл-күй болған жоқ. Комендаттық сағат енгізілді. Вирус өршіп тұрды. Биыл вакцина пайда болды. Бұл індетке қатысты ақпарат көбейді. Сондықтан көңіл-күйіміз жақсы.

Блиц 2:

- Құрманың құны қолжетімді. Қымбаттап кетті деуге болмайды. Бағалары өлшеміне қарай 10 мен 30 фунт аралығында.

***

Ливанда биыл Рамазан күрделі кезеңде өтіп жатыр 

Ливанда биыл мерекелік көңіл-күй байқалмайды. Оның бірнеше себебі бар. Бұл әрине, коронавирус пандемиясымен де байланысты. Дегенмен, тұрғындар «бәріне экономикалық дағдарыс себеп» дейді. Салдарынан елде кедейлік деңгейі артып барады. Былтыр экономика 25%-ке құлдыраған. Халық бұрынғыдай сауда жасаудан қалды. «Тек ең қажетті деген тауарларды сатып алсақ жаман емес», дейді. 

Блиц 1:

- Дүкенге келетін халық саны бұрынғыдай емес. Аз. Кезінде тәттілердің бірнеше келісін алатындар енді 100-200 граммен ғана шектелетін болған.

Блиц 2:

- Кедей адамдар садақа сұраудан ұялады. Сөйтіп, ашқұрсақ жүре беруі мүмкін. Ондай отбасылар көп. Біз де солардың қатарындамыз.

***

Түркияда Рамазан айында карантин қатаңдатылды

Биыл Түрік елінде де рамазан айы карантинде өтіп жатыр. Елде бірқатар діни рәсімдерге тыйым салынып, қоғамдық тамақтану орындары тек курьерлік қызмет арқылы жұмыс істеп тұр.

Биылғы қасиетті айда қандай сақтық ережелері енгізілген? Ораза кезінде қандай діни рәсімдерге рұқсат?

Меруерт Қанағат, тілші:

- Түркияда Рамазан айында діни рәсімдерді өткізу талаптары толық өзгерді. Күні кеше ғана елдің Ішкі істер министрлігі 81 провинцияға «Рамазан айы сақтық шаралары» атты ережелер жинағын жолдады. Ол бойынша ұжымдық сәресі мен ауызашар жасауға тыйым салынды. Бір дастарханда бір отбасы мүшелері ғана дәм тарта алады. Жылдағыдай елдің шартарабында құрылатын «Рамазан шатырлары» шарасы биыл толық тоқтатылды. Тарауих намазы тек үйде оқылады. Бұл уақытта мешіттер қызмет көрсетпейді. Наубайханалар ауызашарға 1 сағат қалғанда жұмысын тоқтатады. Мұны жергілікті билік халық арасында ыстық нанды алуға келген кезектің алдын алу үшін енгізді. Түрік халқы бұл айда қасиетті мекендер мен зираттарды аралайды. Сондағы қарбалас пен кезекті болдырмау үшін қосымша шаралар қабылданады. Сосын жол қозғалысында кептелісті болдырмау үшін сапарлар саны артады. Базарлар мен сауда орталықтарына арақашықтық сақталады. Бұдан бөлек, нарықтағы бағаны ұстап тұру үшін арнайы топ жұмыс істеп, заңсыз баға көтергендер жазаға тартылады.

Блиц 1:

- Мына жағдайдан қатты шаршадық. Келешекте тамақтану саласында жұмысты жалғастырамын да беймәлім. Рамазан уақытында бізді толық жапты. Ауызашарға дейін де жабық болудың ешбір мағынасы жоқ. Келушілер де аз болатын. Тек қана тілегіммынау қауіпті індеттің жойылуы.

Блиц 2:

- Елімізде толық карантин енгізіледі деп ойламаймын. Бірақ эпидемологиялық жағдайға қарағанда қажетті. Биылғы Рамазан айының атмосферасы болмай тұр. Басқа келген соң шыдау керек.

Меруерт Қанағат, тілші:

- Бүкіл әлемде екпе егу қарқынды жүріп жатыр. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ауыз берік кезде вакцина салдыру Оразаны бұзбайтынын мәлімдеді. Түркияда халықтың 99%-і мұсылман. Билік пен халық бұған не дейді?

Түркияның Дін істер басқармасының мәлімдеуінше, кез келген вакцинада, тіпті COVID-19-ға қарсы екпенің құрамында тағамдық дәрумендер мен қоректік заттар жоқ. Сондықтан денеге бұл затты енгізу оразаны бұзбайды. Алайда, егер кісі қаласа, ауызашарда, кейін сәресіге дейін алуына да мүмкіндік бар. Басты міндет – қоғамның қауіпсіздігі. «Әлеуметтің денсаулығына қарсы барлық әрекеттерден аулақ болу қажет», - дейді Дін істері басқармасы.

Диктор:

- Жалпы бүкіләлемдік эпидемологиялық жағдайға қарасақ, Түркия тәуліктік статистика бойынша алғашқы бестікке кіріп кетіпті. Күніне елде 55 мыңға жуық кісі қауіпті індетке шалдығып жатыр. Ел билігі сақтық шараларын бұдан да қатаңдатуды қарастыра ма? Туризм маусымы да таяп қалды дегендей...

Меруерт Қанағат, тілші:

- Түркияда қазір коронавирус үшінші, Ыстамбұл төртінші шарықтау кезеңінде тұр. Елде қазір демалыс күндері мен кешкі 21:00-ден таңғы 05:00-ге дейін коменданттық сағат енгізілген. Қоғамдық тамақтану орындары жабық. Орта білім орындары қауіптілік деңгейі жоғары аймақтарда қашықтан жұмыс істеп тұр. Жоғарғы оқу орындары бір жылға жуық осы жүйемен оқытылып келді. Ал, карантин ережелерінің бұдан да қатаңдатылып-қатаңдатылмайтыны бірер сағаттан кейін министр отырысында белгілі болмақ. Менде қазірше бар ақпар осы.

***

Пәкістанда мешіттерге жасы 50-ден асқан адамдар кіре алмайды

Пәкістанда да Рамазан айына орай шектеу шаралары енгізілді. Мәселен, мешіттер ашық болғанымен, оған жасы 50-ден асқандарға кіруге болмайды. Қалғандары маскамен жүру керек. Елде вирустың өршуіне байланысты локдаун жарияланған. Қазір сауда орындарының көбі жұмыс істемейді. Тек көкөніс сататын базарлар ашық.

***

Иранда бір орында топ болып жиналуға рұқсат жоқ

Иранда қазір коронавирустың төртінші толқыны жүріп жатыр. Сондықтан 10 сәуірден бастап Ислам Республикасында 10 күндік локдаун жарияланды. Сарапшылар эпидемиологиялық ахуал Наурыз мейрамынан кейін өршіп кеткенін айтады. Рамазан айынан кейін де жағдай қайталанбауы үшін билік бір орында топ болып жиналуға тыйым салды.