Ангела Меркель биыл саяси мансабын аяқтауды жоспарлап отыр

Германияда парламенттік сайлауға дайындық қызды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Партиялар үміткерлерін ұсынып жатыр. Жазда сайлау алдындағы үгіт-насихат кезеңі басталады. 30 жылдан астам уақыт саясат сахнасында жүрген Ангела Меркель бұл жолы сайлауға қатысуға ниет білдірмеді. Саясаткер басқарған кезеңде Германияның экономикалық күш-қуаты мен әлемдегі ықпалы арта түсті. Меркель биыл саяси мансабын аяқтауды жоспарлап отыр.

Әнел Еділқызы, тілші:

- Парламенттік сайлау алдындағы үгіт-насихаттау жұмыстары жазда басталады. Саясаттанушылардың пікірінше, Христиандық-демократиялық одақ пен Христандық-әлеуметтік одақтан құрылған консервативті блоктың жеңіске жетуге мүмкіндігі мол. Елді 16 жыл бойы басқарып отырған Ангела Меркель осы бірлестіктің өкілі. Әдетте екі партиядан бір үміткер таңдалатын. Алайда бұл жолы екі саясаткер қатысуға ниет танытып отыр. Саяси додаға Бавария премьер-министрі Маркус Зёдер кандидатурасын ұсынған. Ал оның басты қарсыласы Христиан-демократиялық партиясының көшбасшысы Армин Лашет болмақ.

Сабине, Берлин тұрғыны:

- Мен Христиандық-демократиялық одақ партиясын қолдаймын. Меніңше, көпшілік оларға дауыс береді.Олардың танымал болып отырған «Жасылдар» партиясымен коалицияға түсуі де мүмкін. Келесі канцлер кім болатынын айту қиын. Қазіргі уақытта Зёдер маңызды шешімдер қабылдауда, бұл көпшілікке ұнайды деп ойлаймын. Алайда Лашет партия мүшелерінің үлкен қолдауына ие.

Али, Берлин тұрғыны:

- Мен нәсілшілдікке қарсымын, халықтың құқығы тең болуы тиіс. Зедер канцлер болады ма, жоқ па белгісіз. Бірақ ол Ангела Меркельге қарағанда әлдеқайда консервативті көрінеді. «Жасылдар» немесе «Солшыл» партиялар көпшіліктің қолдауына ие болады деп үміттенем.

Заша, Берлин тұрғыны:

- Мен Социал-демократиялық партиясын қолдаймын. Менің ойымша, олардың мақсаттары мен бағдарламасы өте жақсы. Олар халықтың жағдайын жақсартуға дайын деп ойлаймын.

Сарапшылардың айтуынша, Германияда соңғы кездері танымал бола бастаған «Жасылдар» партиясының жеңіске жетуі де бек мүмкін. Олар атомнан толық бас тартып, баламалы энергия көздеріне жаппай көшуді қолдайды. Аталмыш партия жеңіске жетсе, онда елдің тарихында алғаш рет «жасыл» канцлер басқарады. Айта кетейік, аймақтағы кезекті парламенттік сайлау биыл қыркүйекке жоспарланып отыр. Ал Германия үкіметін 16 жыл бойы басқарған Ангела Меркель күздегі сайлауға қатыспайтынын мәлімдеген.

Авторлары: Әнел Еділқызы, Шолпан Найманбаева