Германияда вакцина салдырғандар артықшылыққа ие болады

Германия астанасында коронавирусқа қарсы вакцина салдырған тұрғындар музейлерге, галереяларға, сән салондары мен дүкендерге емін еркін бара алады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір елде мәдени шараларға және азық-түлік сатпайтын дүкендерге кіру үшін тұрғындардың қолында вирусты жұқтырмағаны туралы тест анықтамасы болуы тиіс. Талап саудаға кері әсерін тигізген. Дүкендерде адам қарасы азайған. Бірақ вакцина салдырғандар туралы заң алдағы жексенбіде күшіне еніп, елдегі ахуалға оң әсер ететініне үміт зор. Тек басты талап – азаматтар Еуроодақта бекітілген екпелердің бірін салдыруы тиіс. Алайда Германияда халықты вакциналау науқанына қарамастан коронавирустың таралуы бәсеңдей қоймаған. Осыған байланысты Берлин қаласы мен тағы екі аймақ билігі локдаунды мамырдың 9-ына дейін созу туралы шешім қабылдады.

Ангела Меркель, Германия канцлері:

– Біз науқастар санының өсуін тоқтатып, індеттің үшінші толқынына тосқауыл қоюмыз керек. Елде халықты жаппай вакциналау жүргізіліп жатыр. Күн сайын жүздеген мың адам екпе салдырады. Елдегі жағдайдың жақсаратынына үміт зор.