Ханзада Филипп қорғасыннан жасалған табытта жерленеді

Британия ханзадасы Филипп Виндзор қамалының төменгі ауласындағы Ұлы Георгий аумағында орналасқан кішкентай шіркеуге жерленеді.

Ал мүрдесі салынатын табыт ағылшын еменінен жасалып, қорғасынмен қапталған, деп жазады Daily Mail.

Британия патшайымы Елизавета ІІ мен оның жарына арналған табыт осыдан 30 жыл бұрын жасалып, Leverton & Sons жерлеу бюросында сақталып келген. Қорғасын қаптамасы дененің ыдырау процесін баяулатуы керек.

Мұндай табыттарда король отбасының басқа мүшелері, атап айтқанда, Диана ханшайым жерленген болатын. Қорғасынның арқасында оның табытының салмағы 250 кг-дан асқан.

Ханзада 9 сәуір күні 99 жасында, 100-ге толуына екі ай қалған кезде бақилыққа аттанды. Қазаға байланысты Британияда аза тұту аптасы басталған. Ал марқұмды ақтық сапарға шығарып салу рәсімі 17 сәуірде өтеді.

Патшайымның жарына ескерткіш қойылады.