Қытай тұрғындарына шамамен 172 млн доза вакцина салынды

Алайда бұдан екпе алған адамдардың жалпы санын білу мүмкін емес.

Өйткені кейбіреуіне әзірше тек бір екпе салынса, қалғандары екі рет вакцина алған. Ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін елде бір миллиардтан аса адамға екпе егу қажет. Сол себептен ел билігі вакциналауды үдете бастады.

Қытайда эпидемилогиялық ахуал тұрақты. Соңғы күндерде коронавирусты жұқтыру елдің оңтүстігіндегі шекаралық бір қалада ғана анықталды. Ал індеттің беті қайтқанын естіген халық екпе алуға асығар емес. Алайда сарапшылар ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін вакциналау қарқынын үдетуге шақырып отыр. Бұл үшін Қытайда бір миллиардтан аса адам екпе алуы қажет.

Ван Хуацин, ҚХР ауруларды бақылау орталығы иммундау орталығының бас сарапшысы:

- Аурудың таралуына жол берсек, мутациялану қаупі өсе түседі. Ал бұл вирустың таралуын жеделдетіп, ауру ауыр түрде өтуі мүмкін. Қазірдің өзінде осыны байқап отырмыз. Вакциналау – мутацияны тежеудің ең жақсы амалы. Адам иммунитетке ие болысымен, ауруды таратпайды, яғни вирус те мутациялай алмайды.

Өңірлерде вакциналау бойынша көрсеткіштер әртүрлі. Бұл тұста барлығына Бейжің үлгі көрсетіп отыр. Ел астанасында 12 миллионан аса адам егілген. Олардың 7 миллионы вакцинаның екі дозасын салдырды. Арасында 90 жастан асқан бір жарым мыңдай қария бар. 21 миллионан аса тұрғыны бар алып шаһарда вакциналауды мамыр айының соңына дейін аяқтау жоспарланған. Жұртқа ыңғайлы болу үшін екпе салатын арнайы автобустар енгізілді. Онда фейс айди және дене қызуын өлшейтін жүйелер орнатылған.

Ян Чанфэн, Бейжің қаласы аудандық денсаулық сақтау бөлімінің жетекшісі:

- Автобуста бір мезгілде үш адамды қабылдауға болады. Бір адамға екпе жасауға шамамен үш минут кетеді. Осылайша, екі сағатта 300 адамға вакцина сала аламыз.

Қазір Қытайда жергілікті вакцинаның төрт түрі пайдаланып келеді. Тағы бір екпе шұғыл қолдану үшін мақұлданған. Ал сарапшылар вакциналардың тиімділігін арттыру үшін оларды араластырып қолданып, доза алу ретін өзгертуді ұсынып отыр. Синовак компаниясының вакцинасы Бразилияда өткен сынақта 50 проценттен жоғары тиімділік көрсеткені белгілі. Ал Синофарм компаниясы препаратының оң көрсеткіші 80 процент шамасында.

Ботагөз Сырғабаева, Дмитрий Грабарь