Израильдік жүк кемесі зымыранмен атқыланды

Араб теңізінде израильдік жүк кемесі зымыранмен атқыланды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осы ретте Тель-Авив әскери-теңіз күштерін жоғары әзірлік жағдайына келтірді. Оқиға Біріккен Араб Әмірліктері жағалауына жақын жерде болған. Шабуылға көлік тиеген кеме ұшырады. Бірақ жапа шеккендер туралы ақпар жоқ. Кемеге қанша залал келгені де белгісіз. Израиль шабуылды Иран жүзеге асырды деп айыптап отыр. Ақпарат құралдары бұл бірнеше күн бұрынғы Натанздағы ядролық нысанға қарсы әрекетке қарымта болуы мүмкін деп жазуда.

Еске сала кетейік, өткен дүйсенбіде Иран билігі Натанз қаласындағы ядролық нысанға кибершабуыл жасалғанын мәлімдеп, ол үшін Израильді айыптаған еді.