Түркияда карантин режимі қатаңдатылды

Елде қалааралық қатынас тоқтап, коменданттық сағат уақыты ұзартылды. Бұған елдегі эпидемологиялық ахуалдың күрделенуі себеп, деп хабарлайды «Хабар 24».

Түркияда коронавирустың жаңа штамдары қатерге айналды. Елде қауіпті індетті жұқтырғандар саны күн сайын еселеніп келеді. Жағдайға байланысты ел билігі бірқатар қосымша шектеу шараларын енгізді. Ол бойынша 65 жастан үлкен және 18 жастан кіші азаматтардың қоғамдық көлікке мінуіне тыйым салынды. Мемлекеттік және жекеменшік секторлардың жұмыс уақытына өзгеріс еніп, 10 жастан төмен балалары бар аналар түгелдей ақылы еңбек демалысына жіберілді. Күндізгі оқытуға тек 8 және 12 сыныптарға рұқсат берілді.

Режеп Тайып Ердоған, Түркия республикасының президенті:

– Мақсатымыз – екі аптаның ішінде аурулар мен өлім-жітімнің санын айтарлықтай азайту. Егер осы екі апта ішінде жағдай түзелмесе, болашақта неғұрлым қатаң шаралар болатыны сөзсіз. Сондай-ақ екпе кезегі келген азаматтарды кешіктірмей вакцина салдыруға шақырамын.

Ұжымдық жиындар түгел тоқтатылды. Ораза айында ұйымдастырылатын діни рәсімдердің өтуіне тыйым салынды. Қоғамдық тамақтану орындары курьерлік қызмет арқылы жұмыс істеуіне рұқсат берілсе де, сұраныс көп емес. Салдарынан шағын бизнес өкілдерінің бірқатары қарызға батып, ондағы даяшылар ақысыз демалысқа жіберілді.

Хусейн Акча, шағын бизнес иесі:

– Тағы да курьерлік қызметке бастадық. Бір жылдан бергі нарықтағы жағдай көңіл көншітпейді. Шаршадық. Соңымыздың не болатыны белгісіз. Алдағы уақытта тамақтану секторында жұмысымды жалғастыруым да беймәлім. Ауызашарға дейінгі уақытта мейрамханалардың жабық тұруы түсініксіз. Ол уақытқа дейін адам да аз келеді. Арақашықтық сақталады. Коронавирустың ең көп тарқайтын қоғамдық көліктер жұмыс істеп тұрғанында, біздің бұл жағдайда болуымыз жанға батады.

Эрдем Кирач, шағын бизнес иесі:

– Ораза айында, ауызашар уақытында, осында қызмет көрсете алмағандықтан курьерлік сервистен бір табыс табудың өзі қиын. Тағы да табыссыз күндер бізді күтіп отыр.

Елдегі эпидемологиялық жағдайға қарамастан түрік туризмі ағымдағы маусымнан үмітті. Ай соңына дейін ел 1 миллионнан астам туризм саласының қызметкеріне екпе егіп, «қауіпсіз туризм» бағдарламасына кіретін мекендердің тізімін кеңейтіп отыр. Дегенмен Ресейдің 1 маусымға дейін Түркиямен әуе қатынасын тоқтатуы мен Германияның елді «өте қауіпті аймақ» категориясына қосуы, ресми Лондонның 24 маусымға дейін шетелге саяхаттауға рұқсат бермеуі сала мамандарының көңілін түсіріп жіберді.

Сондай-ақ...