Қытайда мейрамханаға келушілерді тамаққа аз тапсырыс беруге үгіттеуші арнайы адам жүреді

Әлемде өндірілетін азық-түліктің үштен бірі қоқысқа тасталады. Еуроодақ өкілдері тамақ қалдықтарын азайту бойынша бірнеше жобаны қолға алды. Басты мақсат 2030 жылға дейін азық-түлік қалдықтарын екі есе азайту. Қытай билігі де ас та төк асқа тоқтау салмақшы. Тіпті жергілікті мейрамханаларда арнайы адам болады. Ол келушілерге артық тамаққа тапсырыс бермеуге кеңес береді. Дамыған елдер ысырапқа жол бермеуге шақырса, кедей елдерді аштық жайлап барады. Бұл проблема әсіресе пандемия кезінде қатты ушығып кетті.

Әлемде жыл сайын өндірілетін азық-түліктің 1 миллиард 300 миллион тоннасы қоқысқа тасталады. Бұл жаһандық проблемаға айналып барады. Өйткені тамақ қалдықтары парниктік газдардың негізгі көздерінің бірі саналады. Яғни қоршаған ортаны ластайды. Бір ғана Еуроодақта жыл сайын 88 миллион тонна азық-түлік қоқысқа тасталады екен. Одан болатын шығын 143 миллиард еуроға бағаланады. Сондықтан Еуроодақ өкілдері шамамен 10 жылдан кейін азық-түлік қалдықтарын екі есеге дейін азайтуға ниетті. Бұл бағытта бірнеше бағдарлама қолға алынған. Жаһандық проблемаға жергілікті волонтерлер де қосылған. Мәселен, Германия мен Австрияда онлайн-платформа бар. Ол арқылы волонтерлер өндірушілер мен дүкендерде артылып қалған не жарамдылық мерзімі аяқталуға жақын тамақты мұқтаж жандар мен босқындар орталығына таратады.       

Ханна Леглейтнер, волонтер:

- Бір ғана Германияда жыл сайын 18 миллион тонна азық-түлік қоқысқа тасталады. Бұл ақылға қонымсыз сандар ғой. Біз кейбір азық-түлікті қайтадан қолдануға болады деп ойлаймыз. Адамдар мұның бәрі климатты қалай ластайтынын жете бағаламайды. Осыны бәріне жеткізгіміз келеді.

Бұл проблема Қытай халқы үшін де өзекті. Мұнда мейрамханада көп тамаққа тапсырыс беру молшылықтың белгісі саналады. Салдарынан жыл сайын көрші елде 17-18 миллион тонна азық-түлік қоқысқа кетеді екен. Сарапшылар мұнымен 30-50 миллион адамды тамақтандыруға болатынын айтады. Сол себепті жергілікті билік ысырапқа жол бермеуге шақырып, жалпыұлттық науқанды қолға алған. Соған сәйкес жергілікті мейрамханада арнайы адам болады. Ол қонақтарды тамаққа аз мөлшерде ғана тапсырыс беруге үгіттейді.

Ван Сяошань, мейрамхана директоры:

- Біз биліктің бастамасын қолдаймыз. Қызметкерлеріміз қонақтардың көп тамаққа тапсырыс беріп жатқанын байқаса, мөлшерді азайтуға кеңес береді. Немесе мәселен, мейрамханаға 7 адам келсе, үлкен топқа арналған тамақ ұсынылады. Ал ол 6 адамға арналған болуы мүмкін. Сонда қонақтар өздері байқамай аз жейтін болады. Тиісінше ысырыпқа жол берілмейді.

Кейбір елдер тамақты орынсыз төгіп-шашып жатса, енді бірінде халық бір үзім нанға зар. БҰҰ келтірген дерекке сәйкес, 2020 жылдың соңында дүние жүзі бойынша ашаршылықтың қасіретін тартып жатқандар қатары 88 миллионнан асқан. Жер тұрғындарының саны өте жылдам өсіп жатқанын ескерсек, уақыт өте бұл көрсеткіш одан да нашарлай түсуі мүмкін. Себебі 30 жылдан соң әлем халқының саны 10 миллиардқа жетеді деген болжам бар. Ең үлкен өсім Африкада. 2050 жылға қарай құрлықта жан саны екі есеге артады.

Автор: Жұлдыз Атагелдиева