Иран билігі ядролық кешенге жасалған шабуыл үшін Израильді айыптады

Иран үкіметі Натанзедегі ядролық кешеніне жасалған шабуыл үшін Израильді айыптады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Онда уранды байытатын центрифугалар болған еді. Жарылыс салдарынан кәсіпорын істен шыққан. Ал Израиль «бұған қатысымыз жоқ» дейді. Дегенмен, Биньямин Нетаньяху: «Иран Таяу Шығыс аймағындағы тұрақтылыққа қауіп төндіріп тұр», дейді.

Бұл шахмат ойынына ұқсайды, бір тарап жасаған қадамға екіншісі жауап береді. Ойын алаңы – Қызыл теңіз, ал шахмат тастары ретінде кемелер қолданылып келеді. Сәуір айының басында Иранның барлау кемесінің түбіне орнатылған мина жарылған болатын. Ал жуырда Израиль компаниясының меншігіндегі Гиперио кемесіне зымыран атылды. Бұл – Ирандағы Натанзе қаласында болған жарылысқа қарымта деген болжам бар. Сол кезде уран байытатын кәсіпорын істен шыққан еді.

Джавад Шариф, Иран сыртқы істер министрі:

- Бұл оқиғаны тергеуге кірісіп кеттік. Егер бұл Израильдің ісі болып шықса, жауабын алып, жасағаны үшін әлі өкінеді. Бұл әрекеттен кейін Иран ұстанымы тек күшейе түседі.

Кемесіне жасалған шабуылдан кейін Израиль әскери-теңіз күштерін толық дайындыққа келтірді. Парсы шығанағына қанаттты зымырандармен қаруланған сүңгуір қайықтар аттанды. Израиль Иранның ядролық бағдарламасын қауіпсіздігіне төнген басты қауіп ретінде қарастырып отыр. Ел премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Ислам республикасына атом бомбасын шығаруға жол бермейтінін талай рет мәлімдеген болатын.

Биньямин Нетаньяху, Израиль премьер-министрі:

- Иранның ядролық қаруы мен қолшоқпарларымен күрес өте күрделі міндет. Бүгін көріп отырған жағдай ертең де осындай күйде қалатынын білдірмейді. Күш-әлеуеті төмен елден қазіргі мемлекетті қалай құрғанымызды түсіндіру қиын. Бұл тарихта бұрын соңды болмаған жайт.

Иранға бұл мақсатына жету үшін талай кедергі жасалған болатын. 2009 жылы беймәлім компьютерлік вирус Бушер қаласындағы атом электр станциясының жүйелеріне зиян келтірген еді. Сонда уран байытатын бір мыңға жуық центрифуга істен шықты. Ал 2020 жылы Иран ядролық бағдарламасын басқарған Фахризаде қастандықпен өлтірілді. Оның көлігіне қашықтан басқаралатын пулеметтен шабуыл жасалды. АҚШ әкімшілігі Иранмен ядролық келісімге қайта қосылуға ниет білдіргендіктен, Израиль билігі шұғыл әрекет ету керек деп санайды. Осылайша, Таяу Шығыстағы жағдай ушығып барады.

Авторы: Сергей Ауслендер

Сондай-ақ...