АҚШ пен НАТО Ауғанстандағы әскерін 1 мамырдан бастап шығарады

АҚШ пен НАТО Ауғанстандағы әскерін мамырдың 1-інен бастап шығаруға кіріседі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Батыс елдері ауған жеріндегі күштерін қыркүйектің 11-іне дейін толық шығарып бітіруді жоспарлап отыр. Бұл туралы Брюссельде өткен НАТО Сыртқы істер және қорғаныс министрлерінің онлайн конференцясынан кейін белгілі болды. АҚШ-тың Ауғанстандағы операциясы 2001 жылдан бері жалғасып келеді. Содан бері Альянс күштерінің жауынгерлері 150 мыңға дейін жеткізіліп, 2014 жылы олардың көп бөлігі қайта шығарылған.

НАТО Сыртқы істер және Қорғаныс министрлерінің кезектен тыс конференциясында Ауғанстан мен Украинадағы жағдай талқыланды. АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен НАТО басшысы Йенс Столтенбергпен кездесуден соң Ауғанстандағы Құрама Штаттар мен Альянс әскерін елге қайтаратын уақыт келді деп мәлімдеді. Екіжақты кездесуде шығарылатын әскердің келешегі талқыланды.

Энтони Блинкен, АҚШ Мемлекеттік хатшысы:

- 2001 жылы 11 қыркүйекте АҚШ-қа шабуылдан соң елімізді қорғап, Ауғанстан лаңкестердің тұрағына айналмасы үшін әскерімізді жібердік. Осы істе бірлесіп әрекет етіп, алға қойған мақсатымызға жеттік. Енді әскерімізді елге қайтаратын уақыт келді. Күштерімізді қауіпсіз шығару үшін алдағы айларда ұйымдаса отырып әрекет етуіміз қажет. Бірақ Ауғанстанға қолдау көрсетуімізді жалғастыра береміз.

Йенс Столтенберг, НАТО бас хатшысы:

- Бұл біздің Ауғанстанмен қарым-қатынасымыздың соңы емес. Керісінше, жаңа бастамасы. НАТО елдері ауған халқына көмегін жалғастырады. Бірақ ауған халқы елде тұрақты бейбітшілік орнатуға талпынуы керек.

Мемлекеттік хатшы Энтони Блинкен мен Пентагон басшысы Ллойд Остин Вашингтон Ауғанстан үкіметі мен «Талибан» қозғалысы арасындағы қарым-қатынастың әділ әрі берік шешім табуына күш сала беретінін жеткізді. Бұған дейін президент Джо Байден де АҚШ Ресей, Қытай, Үндістан және Пәкістанды Ауғанстанға жан-жақты қолдау көрсетуге шақыратынын айтқан.

Йенс Столтенберг, НАТО бас хатшысы:

- АҚШ-тың Ауғанстаннан әскерін шығару туралы шешіміне байланысты НАТО Сыртқы істер және Қорғаныс министрлері альянстың «шешімді қолдау» миссиясының әскерін мамырдың 1-інен бастап шығару туралы келісімге келді. Біз барлық әскерімізді бірнеше айдың шінде қайтаруды жоспарлап отырмыз.

Енді АҚШ ауған жеріндегі әскерін шығару тәртібін НАТО-дағы одақтасырымен келісуі керек. Вашингтон өз күштерін қыркүйектің 11-іне дейін толық шығаруды жоспарлап отыр.

Авторы: Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов

Сондай-ақ...