Пандемия кезінде әлем елдерінде жемқорлық деректері көбейе түсті

Пандемия кезінде жемқорлық қаупі арта түсуі мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

2020 жылғы баяндамасын жария еткен «ГРЕКО» жемқорлықпен күрес жөніндегі мемлекеттер тобының өкілдері осылай дейді. Өйткені коронавирус салдарымен күреске түрлі мемлекеттерге қыруар қаржы бөлініп жатыр.

Бірақ сол ақша басқа мақсатқа жұмсалуы мүмкін. «Осы ретте әлем елдерінің билігі бұл мәселені қатаң бақылауда ұстау керек», - дейді сарапшылар.

Мамандар пандемия кезінде әсіресе, мемлекеттік сатып алуға қатысты жемқорлық деректерінің көбейіп кетуі мүмкін екенін айтады. Қазірдің өзінде бірнеше елде осындай жайттар белгілі болды.

***

Маскаларға қатысты жемқорлық оқиғалары көбейді

Еуроодақты қаржымен қамтамасыз ететін негізгі ел – Германия. Соңғы уақытта бұл мемлекетте жемқорлыққа қатысты жанжалдар көбейіп кетті. Соның бірі Денсаулық сақтау министрлігінің басшысымен байланысты. Ведомство былтыр жарты миллионға жуық медициналық бетпердені басқарушы қызметте министрдің жұбайы отырған компаниядан сатып алған. Министр келісімшарт заңға сәйкес жасалғанын және бұл оқиғаның сыбайлас жемқорлыққа еш қатысы жоқ екенін айтады. Алайда сарапшылар мұнымен келіспейді. Ал, бұған дейін осы бетперделерге қатысты Бундестагтың бірнеше депутатының басы дауға қалды. Олардың бірі жекеменшік компанияларға мемлекеттік тапсырыс алуға жәрдемдескен. Сөйтіп, «Көмегі» үшін пара алып отырған. Осындай былыққа тағы бірнеше неміс депутатының қатысы бар екенін белгілі болды.

Маркус Зёдер, саясаткер:

- Депутаттарға қатысты мұндай оқиғалар олардың партияларының атына кір келтіреді. Салдарынан халықтың бізге деген сенімі азаяды. Партияда жұмысына берілген әрі адал адамдар көп. Алайда мұндай оқиғалар біздің еңбегімізді жоққа шығырып, беделімізге нұқсан келтіреді.

***

Италияда мемлекеттік тапсырысқа қатысты былық шықты

Италияда да жемқорлық жанжалы. Мұнда мемлекеттік қызметкерлерге арналған қорғаныш құралдарын сатып алу жөніндегі екі ірі мемлекеттік тапсырыс бұған дейін алаяқтыққа қатысы бар бизнесмендермен жасалған. Негізі мұндай келісімшартқа қол қояр алдында жіті тексеру жүргізіледі. Сондықтан мемлекеттік тапсырысқа беделі нашар кәсіпкерлердің қалай қатысқаны әзірге белгісіз. Ал, жуырда осы Италия мэрларының бірі қамауға алынды. Ол қарттар үйі мен дәріханаларға арналған бетперделерді өзінің туыстарына беріп жіберген екен. Негізі Италияда осы бетперделерге қатысты көп дау туындаған. Мәселен, мұнда жергілікті мафия өкілдері ауруханаларға арналған қорғаныш құралдарын сатып, содан пайда көрген. 

Илва Йоханссон, Ішкі істер жөніндегі еурокомиссар:

- Еуроодақ аумағында бір жыл ішінде қылмыскерлер шамамен 140 миллиард доллар қаржыны қолды қылған. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, бұл Еуроодақтың жалпы ішкі өнімінің 1%-і. Кей елдердің бүкіл жалпы ішкі өнімінен де көп. Бұл ақша ауруханалар салып, вакцина сатып алуымызға қажет болып тұр.

***

Румынияда мемлекеттік тапсырысқа қатысты жанжал шықты

Осы Еуроодақта жемқорлық деңгейі ең жоғары елдердің бірі – Румыния. Пандемия кезінде де осы мәселе өрши түсті. Жергілікті компаниялардың бірі коронавирусқа байланысты төтенше жағдай туралы заңды пайдаланып, мемлекеттік тапсырыс рәсімдерін айналып өткен. Сөйтіп, 860 мың еуроға Түркиядан қорғаныс құралдарын сатып алып, үстінен 40% пайда көрген. Алайда медицина қызметкерлері бетперделердің сапасы нашар болғанын айтып шағымданған. Кейіннен компания акцияларының бақылау пакеті мемлекеттік органдардың бұрынғы қызметкеріне тиесілі екені белгілі болды.

Жалпы кез келген елде мемлекеттік сатып алумен қатысты проблемалар жоқ емес. Соны пайдаланып, өзінің теріс пиғылдарын іске асырғысы келетіндер көп. Әсіресе, пандемия кезінде мұндай азаматтардың қатары еселеп ұлғайып кетті.

Авторы: Жұлдыз Атагельдиева