Қырғызстан дәрігерлері коронавирусты емдеудің жаңа әдісін тапқанын айтып жар салды

Олар «Жоңғар акониті деп аталатын өсімдіктің тұнбасы бұл дертке қарсы тиімді» дейді.

Бірақ бұл өсімдіктің өте улы екені белгілі. Қазақтар уқорғасын деп атайды. Тіпті Қырғыз республикасының президенті Садыр Жапаров «Инстаграмм» аккаунтында осы тұнбаны ішуге кеңес берді. Ал бірқатар қырғыз медиктері аконит өте улы болғандықтан, оның адам ағзасына әсері толық зерттелмегенін ескертіп отыр.

Қырғыз елінің президенті «Инстаграммға» салған бейнесінде шипалы қасиеті бар-мыс сұйықтық құйылатын цех көрсетілген. Заттаңбасында уқорғасынның ерітіндісі деп жазылған. Қандай мөлшерде қабылдау керектігі туралы нұсқаулық та бар. Суықтай ішсе, соңы ажалға әкелуі мүмкін деп те ескертеді. Ал Садыр Жапаров қырғыз дәрігерлері COVID-19 дертін бір-екі күнде емдейтін әдіс тапты деп жазған.

Георгий Белов, медицина ғылымдарының докторы:

- Уқорғасын қатерлі ісікке де әсер етеді. Бірақ ең маңыздысы, дұрыс мөлшерін таңдау. Сәл асырса, адам өліміне әкеледі.

Қырғызстанда коронавирусты емдеу үшін осы өсімдіктің қолданылып жатқанын Денсаулық сақтау министрі де растады. Алымкадыр Бейшеналиевтің мәлімдеуінше, медиктер оның улы екенін біледі. «Дегенмен, дұрыс қолданса, науқастың жай-күін жақсартуы мүмкін», - дейді министр. Қазір уқорғасын ерітіндісі ауру белгілері енді байқала бастаған волонтерлерге беріліп жатыр екен. Министрдің өзі де тілшілердің көзінше шипалы сусынды ішкен.

Алымкадыр Бейшеналиев, Қырғызстанның денсаулық сақтау министрі:

- Біз қан сараптамасы, қант мөлшері мен қан қысымы және антиденелердің титрлары секілді қажетті заттарды зерттеп жатырмыз. Егер уқорғасынның тиімділігін көрсететін заңдылықты анықтасақ, оны ем ретінде тіркейміз.

Егер бұл тәжірибенің нәтижесі оң болса, Қырғызстан денсаулық сақтау министрі уқорғасын ерітіндісіне патент алмақ. Айта кету керек, ол өсетін аймақ қорғауға алынған. Министрдің айтуынша, пайдасы дәлелденсе, уқорғасынға сұраныс күрт өсіп кетеді.

Авторы: Бақыт Чермашев