Аргентинада екі апта ішінде науқастардың саны 90% артты

Аргентинада да жағдай мәз емес. Онда коронавирус індетінің екінші толқыны ушығып, дәрігерлер дабыл қағып жатыр.

Аймақтағы ауруханаларда бос орын жоқ. Әсіресе Буэнос-Айрес қаласындағы эпидемиологиялық аухал күрделі. Жансақтау бөлімдерінің мамандары науқастарды дәлізге жатқызып емдеп жатыр. Статистикаға сәйкес соңғы екі аптаның ішінде қауіпті вирус жұқтырғандардың қатары 89 процентке артқан. Осыған орай бірнеше өңірде карантиндік шектеу шаралары қатаңдатылды. Дәрігерлер тұрғындарды барынша сақтанып, шектеулерге құлақ асуға шақырып отыр.

Айта кетейік, пандемия басталғалы Аргентинада 2 млн 600 мыңнан астам адам індет ілмегіне ілінген. Олардың шамамен 58 мыңы осы кеселден көз жұмды.

Сахар Тал Бензекри, аурухана басшысы:

– Соңғы кездері дімкәс жандардың қатары күрт артып кетті. Қазір науқастарды қайда жатқызамыз деп бас қатырудамыз. Жағдайымыз өте қиын. Эквадор, Бразилия мен Перудегі ахуал бізге де жетейін деп тұр. Оған жеткізбеуіміз үшін әр азамат саналық танытып, қауіпсіздік шараларын сақтау керек.