Қытайда дәмханаға барғандар тамақты тауысып жеуге міндеттелді

Қытай былтырдан бері тамақты ысырап етпеуге көшті. Тағам қалдықтарын азайту мен оны ысырапсыз пайдалануды тоқтату мақсатында елде арнайы заң жобасы әзірленді. Статистика бойынша жыл сайын бұл елде шамамен 50 млрд келі ас қоқысқа тасталады екен. Жергілікті билік бұл көрсеткіш елдің азық-түлік қауіпсіздігіне үлкен қатер төндіреді дейді.

Қытай билігі ысырапқа жол бермеуді мықтап қолға ала бастады. Бұдан былай мейрамханада тапсырыс берілген тамақ саны келген қонақтардың санынан аспауы керек. Сонымен қатар меймандар асын толық тауысып жеуі абзал. Бұл қағида билік тарапынан қатаң қадағаланатын болды.

Ли Гаофэнь, мейрамхана менеджері:

- Меню бойынша тапсырыс берілгенде қонақтарға таңдаған тамақтарының жеткілікті екенін ескертіп отырамыз. Тамақ пен адам санының  сәйкес болуын түсіндіреміз. Сонымен қатар арнайы бір, екі  немесе төрт адамға арналған сеттерді де ұсынамыз.

Ресми деректерге сүйенсек, жыл сайын Қытайда  50 млн тонна тамақ қалдығы қоқысқа тасталады. Бұл жалпы алғанда елдің азық-түлік өндірісі көлемінің шамамен 8 процентін құрайды. Былтыр билік басындағылар «бос ыдыс» саясатын ұсынғанда кей мейрамханалар келушілерді жынысына қарай бөліп, тамақты өлшеп бере бастады. Мысалы әйелдерге ұсынылған тағам ер адамдарға қарағанда аздау мөлшерде беріледі. Алайда кәсіпкерлердің бұл іс-әрекеті кейін тоқтатылған еді. 

БЛИЦ:

- «Бос ыдыс» саясатын қолдаймын. Біреу тоңып секіреді, біреу тойып секіреді. Бүгінде көптеген елдер аштықтың азабын тартуда. Тамаққа деген ұқыптылық азық-түлік ресурстарын тиімді жұмсауға көмектеседі.

- Онсыз да үнемі тамақты аз-аздан алып отырдық. Енді тіпті бір порцияға аз алатын болдық.

Қытайда азықты ысырап етпеу үшін қабылданған заңға сәйкес, ереже бұзғандарға 15 мың доллар айыппұл салынады. Ал асқа салғырт қарау немесе артық тамақ жеуді жарнамалаған ақпарат құралдары мүлдем жабылып қалуы мүмкін. Ысырапшылдық пен берекетсіздікті насихаттамау үшін әр қоғамдық тамақтану орындарында тиісті хабарлама ілінген. 

Авторлар: Ботагоз Сыргабаева, Владимир Грабарь