Израильде маска режимі жойылды

Израильде бүгіннен бастап далада бетперде киюдің қажеті жоқ. Ел карантиннен шығып жатыр. Себебі халықтың көп бөлігі вакцина алған.

Егер жағдай тұрақты бола берсе, бетперде режимі мүлде алынып тасталуы мүмкін. Әзірше Денсаулық сақтау министрлігі ғимаратқа кіргенде немесе бұқаралық іс-шаралар кезінде қорғаныш құралдарын киюді талап етеді. Қазір бұл елде COVID-19-ды жұқтырғандар саны үш мыңнан аз. Ауруханаларда ауыр халдегі науқастар жоқ. Өлім-жітім төмендеген. Коронавирус бөлімшелерінің көпшілігі пациенттердің болмауына байланысты жабылды. Емханалар мен клиникалар әдеттегі жұмыс кестесіне көшкен. 

Хази Леви, денсаулық сақтау министрлігінің бас директоры:

– Бес миллионнан астам израильдік вакцинаның алғашқы дозасын және 4 миллионнан астамы екінші дозаны алды. Яғни халыққа толығымен екпе егілді. Осылайша, біз халықты жаппай вакциналау науқанын аса  жауапкершілікпен өткіздік. Бізде ұжымдық иммунитет пайда болды.

Израиль тақауда әуе қатынасын жандандыру туралы шешім қабылдады. Елге шетелдіктер келе бастады. Әзірге мұнда ұшып келіп жатқандар саны шектеулі. Олардың барлығы ПТР тестпен кіргізіледі. Ал әуежайда алдағы уақытта тұтас зертханалық кешен салынбақ. Мектептерде оқушыларды 10-15 баладан топқа бөліп оқыту тоқтатылды. Бірақ балалар қауіпті топқа жататындықтан, міндетті эпидемиологиялық бақылау енгізілді.