Әлемнің бірқатар елінде карантиннен қажыған халық ереуілдетіп жатыр

Коронавирус жұқтырғандардың саны күн санап көбейіп барады.

Індетпен қазір әлем күресіп жатыр. Бірақ нәтиже аз. Ауруханалар толып, адам өлімі қайта көбейіп бара жатқанмен карантин шараларына қарсы шығып жатқандар да бар. Канада, Аргентина, Швейцария, Италия мен Босния және Герцовиня тұрғындары биліктің саясатына наразы. Ереуілге шыққан халық шектеуді азайтуды сұрайды.

Әлемде коронавирус індетінен көз жұмғандардың қатары 3 млн-нан асты. Пандемия басталғалы бұл кеселге 140 млн адам шалдыққан. Осыған орай карантинді қатаңдатып жатқан елдердің қатары да көбейді.

Жағдайдың ушығуына қарамастан шектеулерден қажыған халық биліктің саясатына қарсы тұрып, ереуілдетіп жатыр. Аргентинада ашуға бой алдырған халық Буэнос-Айрес қаласында бас көтерді.

Президент Альберто Фернандестің саясатына қала мэрі де наразы. Айтуынша, санитарлық шаралар шаһар басшысының келісімінсіз қабылданған. Ал наразылар шектеулердің кесірінен Аргентинаның экономикасы тұралап, халықтың әл ауқаты төмендегенін айтып шағымданады.

Виолета Масса, жергілікті тұрғын:

– Карантинді жариялай беру тиімсіз. Халық соны біле тұра алаңға шығып отыр. Кешкі сағат 8-ден таңғы алтыға дейін коменданттық сағат енгізу де мәселені шешпейді. Тұрғындар әбден шаршады.

Канаданың Торонто қаласында да жергілікті жұрт карантиннің қатаң шектеу шараларына наразылығын білдіріп ереуілге шықты. Халық билікке шектеулерді жеңілдету керек деген талап қойған. Барлық санитарлық ережелер қолға алынғанмен елдегі эпидемиологиялық ахуал көңіл көншітпейді. Онтарио қаласының өзінде сенбі күні 4 мың 362 адам індет ілмегіне іліккен. Сарапшылар жаз айларында тәуліктік көрсеткіш 10 мыңға дейін жетуі мүмкін деп дабыл қағады. Сондықтан халықты сабыр сақтап, санитарлық талаптарға бей-жай қарамауға шақырады.

БЛИЦ:

– Медицина мамандарының пікірімен келіспеймін. Мен үшін шешім қабылдағандары дұрыс емес. Оқшаулану үшін келісімімді берген жоқпын.

– Үнемі қамалып отырған психологиялық тұрғыдан ауыр. Оқшауланғаннан түк пайда жоқ.

– Бізге еркіндік керек. Халықтың қозғалысына шектеу қоймаңдар. Қайта топтасып жиналуымызға мүмкіндік беру керек.

Дәл осындай наразылық акциялар Еуропаның бірнеше елінде ұйымдастырылды. Италияның Рим қаласында мәдениет саласының мыңнан астам қызметкері Пьяцца-дель-Пополо алаңына шықты. Жиналғандар биліктен концерттік кештер мен мәдени іс-шаралардың ұйымдастырылуына рұқсат беруін талап етті. Акция флешмоб түрінде өтті.

Санитарлық шектеулерге Швейцария тұрғындары да ашулы. Онда бетпердесіз шыққан жүздеген адам Шаффхаузен қаласының орталығына жиналған. Тәртіп сақшылары ереуілге араласпауды жөн көрді.

Ал Босния және Герцеговинаның астанасы Сараевода бұқара Парламент Ассамблеясының алдына жиналған. Тұрғындар биліктің пандемиямен күрес жұмыстары мен екпе егу науқанына шағымданды.