Бельгия шектеу шараларын жеңілдетеді

Бірақ елде жағдай түзелді деуге келмейді.

Ауруханалардың жансақтау бөлімшелерінде орын тапшы. Күніне орташа есеппен 3890 адам вирус жұқтырады. Айта кетерлігі, дүйсенбіден бастап бельгиялықтарға шетелге шығуға рұқсат берілді. 26 сәуірде азық-түлік дүкендерінен басқа да сауда орындары мен шаштараздар ашылады. Ал дәмханалар мен барлар сондай-ақ мейрамханалардың террассалары 8 мамырда ашылады. Ал ауруханаларда 3 мыңнан астам науқас емделіп жатыр. Олардың 930-ы қарқынды терапия бөлімшесінде. Осыған байланысты дәрігерлер шектеу шараларын жеңілдетуге мұқият, өте сақтықпен қарауды ұсынып отыр.

Антуан Изо, коронавирусқа қарсы күрес тобының өкілі:

– Ауруханаларда, әсіресе жансақтау бөлімшелеріндегі қысым тым жоғары. Ол жерлерге адамдар шамадан тыс түскен кезде қиын таңдау жасауға тура келеді. Бұл медициналық қызметкерлер жасағысы келмейтін және пациенттер, ата-аналар, ерлі-зайыптылар және достар ретінде естігіміз келмейтін таңдау. Сондықтан алдын алып сақтанған дұрыс.

Пол Грожан, жансақтау бөлімінің аға медициналық дәрігері:

– Барлығына қиын. Оның ішінде медициналық қызметкерлер мен ауруханалардағы дәрігерлер өте ауыр жұмыс жағдайымен үшінші толқыннан өтіп жатыр. Біз де отбасымызбен шетелге демалысқа барып, балаларымыз бен қарт ата-анамызды құшақтағымыз келеді. Бірақ мен өте мұқият болуды және үшінші толқын жоқ сияқты деп айтпауды сұраймын. Біз қатты шаршадық. Мен елдегі сарапшыларға сенемін. Мәселен, төрт адам жазғы террассада дөңгелек үстелде тамақтанған кезде ешқандай қауіп жоқ, бірақ өте сақ болу керек.