427,15 517.06 5.74
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

COVID-19: Өзбекстанда оңтүстікафрикалық штамм тіркелді

  • 158
  • UPD: 21:35, 19.04.2021

Өзбекстанда коронавирустың оңтүстікафрикалық штамы тіркелді.

Бұл жайынды көрші елдің премьер-министрі Абдулла Арипов мәлімдеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Айта кету керек, инфекцияның бұл түрі британдық штамға қарағанда әлдеқайда қауіпті. Осыған байланысты ала тақиялы ағайындылар карантин талаптарын сақтауды қатаң бақылауға алды.

Риат Шони, тілші:

- Өзбекстанда эпидахуал нашарлап барады. Вирус жұқтырғандардың саны күн сайын өсіп жатыр. Соңғы тәулікте 302 адамнан коронавирус анықталған. Салыстырмалы түрде алатын болсақ, жыл басында күн сайын COVID-19 жұқтырудың 15 дерегі тіркеліп жатса, қазір бұл көрсеткіш 300-ге дейін өскен. Осыдан-ақ Өзбекстандағы эпидахуал ушығып бара жатқанын байқауға болады. Сенбі күні көрші елдің премьер-министрі Абдулла Арипов шұғыл жиын өткізіп, инфекцияның жоғары және орта білім беру мекемелерінде де тез таралып жатқанын айтты. Тағы үкімет басшысы коронавирустың оңтүстікафрикалық штамы Өзбекстанға жеткенін де мәлімдеді. Осыған байланысты елде карантин талаптарын күшейту туралы шешім қабылданды. Сәуірдің 18-інен бастап мектептер мен балабақшаларда инфекция жұқтыру дерегі анықталса, онда сол мекеме қашықтан жұмыс істеуге ауыстырылады. Тағы Рамазан айында тарауих намазын тек ашық аспан астында оқуға болады. Ал ауызашарды тек отбасы төңірегінде жасауға кеңес етілді. Бұған қоса, қоғамдық тамақтану орындарында келушілердің саны 100-ден аспауы тиіс. Қоғамдық көліктерде тек 50%-ке толу қажет. Карантин талаптарын бұзғандарға қатысты Өзбекстан билігі қатаң шара қолданбақ.

Нұрмат Атабеков, Өзбекстан Санитарлық-эпидемиологиялық қызметі басшысының орынбасары:

- Карантин талаптарын бұзған азаматқа 1 млн 225 мыңнан 4 млн 900 мың сомға дейін айыппұл салынады. Бұдан кейін де тәртіпке бағынбаса, онда қылмыстық істе қозғалуы мүмкін. Ал мейрамханалар мен өзге де мекемелердің жұмысы мүлдем тоқтатылады.

Өзбекстан ішкі істер министрлігінің мәлімдеуінше, бір тәуліктің ішінде тәртіп сақшылары карантин талаптарын сақмаған тұрғындарғы қатысты 773 хаттама толтырған. Тағы айта кету керек, көрші елде мамырдың бірінен бастап концерттер мен мәдени іс-шараларды жабық мекемелерде өткізуге тыйым салынады. Әзірге ала тақиялы ағайындылар шекараны жабу мәселесін қарастырып отырған жоқ.

Авторлары: Риат Шони, Санжар Шатуляганов

Хабар 24 телеарнасы