Мамандар: Сент-Винсент аралында жанартаудың атқылауы әлі де жалғасады

Қазақ бата бергенде «от пен су апатынан сақтасын» деуші еді.

Соңғы жылдары сол су апаты да, от апаты да жиілеп кетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұрын тек белгілі бір аймақтар ғана дүрлігіп жатса, енді тұтас ғалам қауіптің ошағына айналды.

Расымен, ғалам қатеріне айналған табиғи жағдайлар соңғы кездері көбейіп кетті. Оның бір мысалы, атқылаған жанартау деуге болады.

Кариб теңізіндегі Сент-Винсент аралында Суфриер жанартауы қайта атқылап, аймақтың оңтүстігі мен батысын тағы күл жапты. Табиғат апатынан жапа шеккендер туралы әзірге қандай да бір ақпар жоқ. Бірақ БҰҰ отты таудың атқылауы елде гуманитарлық дағдарыс туғыза ма деп алаңдайды. Өйткені осыдан 2 апта бұрын атқылай бастаған жанартау кесірінен 16 мыңнан астам адамның қауіпсіз жерге көшуіне тура келді. Одан бөлек, апаттан жергілікті халықты ауызсу және электр энергиясымен қамтамасыз ету жағы қиындап кетті. Себебі оянған жанартаудың күлі елдегі кәріз құбырын істен шығарған. Осыған байланысты аймақтағы елдер аралдағы мемлекетке гуманитарлық көмек көрсете бастады. Жалпы «жығылғанға жұдырық» демекші, билік өкілдері осы жағдаймен әлек боп жатқанда елде коронавирус жұқтырғандар саны да арта бастапты. Жергілікті медицина мамандарының айтуынша, кемі 20 адамнан COVID-19 анықталған.

Максфорд Джонс, мектеп директоры:

- Біз үлкен апатқа тап болдық. Елдің бәріне қауіпсіз орын керек болып жатыр. Халық үрейлі.

Мамандар жанартаудың атқылауы әлі де жалғасатынын айтады. Жалпы аралдағы елде ең ірі жанартау соңғы рет 1979 жылы оянған болатын. Ал оның алдында 1902 жылы атқылады. Ол кезде табиғат апатынан бір жарым мыңнан аса кісі көз жұмған.

***

ОАР-да өрттен университеттің бірнеше ғимараты жанып кетті

Оңтүстік Африка Республикасы азаматтарының да оттан үрейі қашқан қазір. Өйткені Кейптаун қаласы маңындағы тауда өрт шығып, соның салдарынан жергілікті университеттің бірнеше ғимараты жанып кетті.

Оқыс оқиғаға байланысты оқу орнынан дереу студенттер мен оқытушылар эвакуацияланды. Белгілі болғаны, отты сөндіру кезінде бір маман жарақат алған. Өзге жапа шеккендер туралы ақпар жоқ. Қолда бар мәлімет бойынша табиғат апатымен күреске 4 тікұшақ, 200-ден астам өрт сөндіруші жұмылдырылыпты. Қызыл жалын қалаға тиіп тұрғандықтан, билік өкілдері тұрғындарға үйден шықпауға кеңес беріп жатыр.

***

Швецияда туризм бұғы шаруашылығына кедергі келтіруде

Туризм табиғат үшін проблемаға айналды. Швецияда бұғы баққан шаруалар осылай деп қынжылады.Олардың айтуынша, соңғы уақытта саяхатшылар мен табиғат аясында спортпен айналысуды ұнататын қауымның кесірінен тұяқты жануарлардың саны азайып бара жатыр. Яғни, жиһанкездер жайылымдық жерлерді басып алып жатқандықтан, бұғы табындарының еркін жайылуына қажетті өріс тарылып барады.

Йонас Крайк, шаруа:

- Бұғылар емін-еркін жайылмайды. Ал төл саны уақыт өткен сайын азайып барады. Қазір Саам ауылы туризм индустриясымен жерге байланысты дауласып жатыр. Себебі бұл жерде біздің құқығымызбен санаспайды.

***

Францияда климатты қорғау үшін ішкі рейстер саны қысқарады

Швед шаруалары тұмса табиғатты сақтап қалуға тырысып жатса, Франция депутаттары климатты қорғауға күш салып жатыр. Тақауда аталған елдің Ұлттық жиналысы ауаның ластануын азайту үшін ішкі рейстерді шектеуге қатысты заң жобасын қолдады. Яғни жаңа заң жобасына сәйкес, пойызбен жетуге болатын жерлерге енді ұшақ ұшпайды. Осылайша, билік өкілдері ауаға кететін улы заттар көлемін азайтпақ.

Сондай-ақ...