Британияда қолданылған маскадан орындықтар жасалады

Коронавирус пандемиясы кезінде сұраныс ең жоғары тауарлардың бірі – маска.

Бірақ қазір бұл қорғаныш құралы қоршаған ортаны көп ластайтын заттардың біріне де айналып барады. Осы ретте британдық компания бетпердені қайта өңдеп, одан мектеп оқушыларына арналған орындықтар жасайтын болған. Бұл үшін жергілікті ауруханаларға арнайы аппараттар қойылған. Олар қолданылған қорғаныш құралдарын қайта өңдейді. Кейіннен шикізаттан құрал-саймандар салатын жәшік не мектепке арналған орындықтар жасалынады.

Айта кеткен жөн, Ұлыбританияның өзінде ғана кейінгі бір жылда шамамен 20 млрд бір реттік маска қоқысқа тасталған екен.

Мэттью Рэпсон, Thermal Compaction Group компаниясының директоры:

– Пандемия кезінде қоршаған ортаның қорғаныш құралдарымен ластануы өршіп кетті. Біздің жасап шығарған аппараттарымыз сол заттарды қайта өңдейді. Қазір құралдарымыз бірнеше мекемеге пайдалануға берілді.