АҚШ-та Флойд ісі бойынша үкімді күткендер шеруге шықты

АҚШ-та полиция өлтірген афроамерикалық Джордж Флойдтың ісіне байланысты сот отырысы өтіп жатқан Миннеаполис қаласында наразылық шаралары басталды.

Белсенділер көшеге шығып, билеп, әртүрлі ұрандар айтуда.

Жергілікті ақпарат құралдары наразы топтың тәртіп сақшыларымен қақтығысқа бармағанын айтады. Ереуілшілер «Джордж Флойд» деп ұрандатып, «Қаранәсілділердің өмірі маңызды» деген жазуы бар плакаттар ұстап алған. Осыған орай қалада қауіпсіздік шаралары барынша күшейтілді. Штат билігі Ұлттық ұланның 3 мыңға жуық сарбазын көшеге шығарды. Орталық бетон қоршаулар мен тікенек сымдар орнатылған.

Джесс Джексон, азаматтық белсенді:

– Сот процесінде ұтсақ, әрине мерейіміз үстем болады. Бірақ бұл түпкілікті жеңіс болмайды. Себебі біздің адамдарды әлі өлтіріп жатыр. Сондықтан зорлық-зомбылықты біржола тоқтатып, балаларымызды құтқаруымыз керек.

Айта кетейік, 45 жастағы күдікті экс-полицей Дерек Шовенге қатысты сот наурызда басталды. Оған 3 түрлі бап бойынша айып тағылған. Кінәсі дәлелденсе, 75 жылға дейін түрмеде отыруы мүмкін. Бірақ Шовен өзін айыптымын деп санамайды.