429,33 519.25 5.73
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Суперлига кәсіби футболдың түбіне жетуі мүмкін

  • 146
  • UPD: 21:24, 20.04.2021

Еуропа футболы екіге жарылды. Жуырда кәрі құрлықтың жетекші 12 клубы жаңа турнир құратындарын жариялап, оның УЕФА мен ФИФА-дан бөлек әрекет ететінін жеткізді. Бірақ мұндай шешімге футбол саласының басшылары бірден қарсылық танытты. Екі тараптың текетіресі енді немен аяқталады? 

Сарапшылардың сөзінше, «Суперлига» деп аталатын жаңа доп додасы мен УЕФА арасындағы тартыс тарихи бастама да, кәсіби футболдың соңы да болуы мүмкін.

Суперлиганы құру жөніндегі әңгімелер ұзақ жылдар бойы айтылып жүрді. Енді міне көптен бері ел аузында жүрген дода жүзеге асқанда оған қарсылық танытқандар қатары көбейіп шыға келді. Суперлиганың құрылуына әсіресе жанкүйерлер наразы. Жаңа турнирге күмәнмен қарап отырған бапкерлер де бар. Бұған дейін «Ливерпуль» жаттықтырушысы Юрген Клопп турнир құру идеясына түбегейлі қарсы екенін айтқан еді.

Юрген Клопп, «Ливерпуль» ФК Бас бапкері:

- Мен мұнда футбол жаттықтырушысымын. Мүмкіндік беріліп жатса, бұл іспен әрі қарай да айналыса беремін. Суперлигаға қатысты ойым өзгерген жоқ. Жұрт бұл турнирге наразылық танытып жатыр. Мен оларды түсінемін. Бұдан басқа айтар ештеңем жоқ. Себебі бапкердің де, футболшылардың да бұл іске қатысы жоқ. Біз ештеңе білмедік.

Қанша адам болса, сонша ой демекші өзге бапкерлердің пікірі Клопптікімен бірдей болмай шықты. Күні кеше Атлетико бапкері Диего Симеоне клубтың кез келген шешімімен келісемін десе, бүгін Челси жаттықтырушысы Томас Тухель де осыған ұқсас ойын айтты.

Томас Тухель, «Челси» ФК Бас бапкері:

- Мен клубқа сенемін. Негізі спорттағы саясатқа араласпағанымыз дұрыс деп ойлаймын. Өйткені бұл біздің жұмысымыз емес.

Өз кезегінде Суперлигаға қатысты шұғыл отырыс өткізген УЕФА басшылығы жаңа турнир құру идеясын қатаң сынға алып, аталған додада ойнайтын футболшыларға қатаң талап қоятынын жеткізді. УЕФА президенті Александр Чефериннің айтуынша, жаңа жүйедегі жарысқа қатысатын командалар Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасынан шеттетіледі. Сонымен қатар ойыншылар әлем чемпионаты мен Еуропа чемпионатына қатыспайды. Олардың ұлттық құрамада ойнауына да тыйым салынады.

Спорт төңірегіндегі мамандар да жағдайдан қалыс қалмай, еуропалық футболдың қақ жарылуына қатысты ойларымен бөлісіп, қазіргі жағдайға өз бағаларын беріп жатыр.

Марк Орт, спорт заңгері:

- Бәсекелестік туралы заңға сәйкес, УЕФА Суперлигаға тосқауыл бола алмайды. Қарапайым мысал: сіз жаңа кәсіпорын ашқыңыз келді делік. Бірақ Амазон немесе Гугл өз алаңында тауар сататындарға немесе өзге сервистерде сауда жасауға тыйым салғанын елестетіп көріңізші. УЕФА монополист. Футбол ойындарын ұйымдастыру нарығын түгел жаулап алған. Және бұл іс ондаған жылдар бойы жалғасып келеді.

Сонда аталған командалардың осы турнирге қатысудағы мақсат, мүддесі не деген заңдық сұрақ туады? УЕФА-дан бөлініп шығудың себебі әрине ақша.

Болжам бойынша жарысқа қатысушылар жылына 10 миллиард еуро табыс табады екен. Пандемия жағдайында алпауыт клубтардың барлығы дерлік шығынға ұшырағанын ескерсек, жаңа турнир қарыздан құтылудың бірден бір көзі болып тұрған секілді.

Майкл Голдберг, қаржы саласының маманы:

- Қаржы жағынан алып қарайтын болсақ, Суперлигаға қатысатын әрбір клубтың жағдайы әлдеқайда жақсарады. Оларға жаңа ойыншы сатып алу жеңіл болады. Ал орта деңгейлі командалардың жағдайы керісінше бұрынғыдан да қиындай түседі.

Хауме Рурес, медиакомпания басшысы:

- Менің ойымша, бұл турнирдің болашағы жоқ. Өйткені телекомпаниялар мен демеушілер УЕФА-мен арадағы келісімді үзбейді.

Қалай болғанда да JP Morgan инвестициялық банкі құрылтайшы клубтарға 4,2 миллиард доллар көлемінде қаржы бөлетіні белгілі болды. Бұл ақша инфрақұрылымды жақсартуға және індеттен кейін қалыпқа келу үшін бағытталмақ екен.

Хабар 24 телеарнасы