Египеттегі туризм саласындағылар жаппай вакцина алып жатыр

Египет екпеге үміт артып отыр. Қазір туризм саласындағылар коронавирусқа қарсы жаппай вакцина алуда, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елдегі эпидемиологиялық ахуал жақсарса, курорттар жазғы маусымға дайын болуы тиіс. Бірақ кейбір сарапшылар бұған күмәнмен қарайды. Себебі Еуропада науқастар санының артуынан індеттің кезекті толқыны басталуы мүмкін.

Мысыр билігінің туристік сала өкілдерін міндетті вакциналау жобасы жергілікті туризм тарихындағы ең ірі шара болмақ. Сала министрлігінің қатаң бақылауы бойынша өтетін бұл науқанда курорттық аймақтарда жұмыс істейтін миллионға жуық адамға 2 ай ішінде екпе салу жоспарланған. Алдымен Оңтүстік Синай мен Қызыл теңіз провинциясындағы туризм өкілдері егіледі. Өйткені дәл осы аймақтарда індет өршіп тұр. Ал Қызыл теңіз курорттары маусым айында туристерді қабылдауға дайын болуы керек.

Нагат Тауфик, Хургада қаласы әкімдігі туризм бөлімінің бас маманы:

- Қазір елде індеттің үшінші толқыны басталды деп айтуға болады. Бірақ бұл жолы біз оған дайын болып шықтық. Туристік сектор қызметкерлерін вакциналау үшін тізім алдын ала дайындалды. Бірақ бағдарлама қарапайым адамдарды вакциналау шарасына еш кедергі келтірмеуі тиіс. Осы мақсатта елде тағы 200 екпе орталығы ашылды.

Египет қонақ үйлер палатасы қауымдастығының мәліметіне қарағанда, мейманхана өкілдерін вакциналау ерікті түрде болады. Қызметкерлерінің бәрі бірдей екпе алмаған компанияларға айыппұл салынбайды. Бірақ одан бас тартқандарға дертке қарсы арнайы бағдарламаны орындау талап етілмек. Мұндай шаралардан тек әуе компаниясының экипаждары мен әуежай қызметкерлері босатылады. Ұшқыштарға вакцина салдыру міндетті емес.

Камаль Хоким, әуе компаниясының заңгері:

- Ұшқыштар үшін екпе салдыру міндетті болмаса да, біздің мамандар бәрі вакцина алуға ниетті. Себебі олар жауапкершілікті сезінеді. Кеден мен шекара қызметкерлері, күзетшілер, әуежайдағы дүкен қызметкерлері де алады. Осылайша, Мысыр әуежайлары бірінші маусымға дейін коронавирустан толықтай қорғалуды көздеп отыр.

Елдегі туризм саласы өкілдеріне арналған жаңа тәртіп туристерге қолданылмайды. Египет аумағына кіру үшін соңғы 72 сағатта коронавирусқа қарсы тапсырылған ПТР тестің теріс нәтижесі жеткілікті.

Авторлары: Дмитрий Лукша, Светлана Брахмит, Амр Мурад