Бельгияда егде жастағылар арасындағы өлім-жітім көрсеткіші төмендеді

Бельгияда егде жастағы тұрғындардың арасындағы өлім-жітім көрсеткіші төмендеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оған осы санатқа жататын халықтың жаппай екпе қабылдауы әсер етті. Енді 20 мен 30 жас аралығындағы жастардың қауіпті вирусты жиі жұқтыра бастағаны байқалады. Бір тәуліктің ішінде 4 мыңға жуық адамға COVID-19 диагнозы қойылуда. Сарапшылар індеттің үшінші толқынының шарықтау шегі аяқтала салысымен жергілікті билік карантинді жеңілдете бастағанын айтады.

Бельгияда карантиндік шектеу шаралары біртіндеп жеңілдей бастағанмен аймақтағы ауруханаларда әлі де науқастардың қарасы қалың. Дәрігерлер жансақтау бөлімдерінде орын тапшылығы бар екенін айтады. Егер өткен аптада Брюссель мен Фландриядағы денсаулық ошақтарында дімкәс жандардың саны 10%-ке азайса, Льеж бен Лимбургте коронавирус жұқтырғандар керісінше 30%-ке артқан.

Ив Ван Лаэтем, Бельгиядағы ковидке қарсы дағдарыс орталығының өкілі:

- Статистика қатты өзгеріп жатқан жоқ. Әрине, Пасха мерекесіндегі карантиннің оң нәтижесін көріп отырмыз. Алайда нәтиже бұдан да жақсы болады деп болжаған едік. Эпидахуал әлі де болса көңіл көншітпей тұр. Жағдайды тек вакциналау науқаны мен ең қарапайым санитарлық талаптар ғана оңалта алады.

Сәуірдің 19-ынан бастап туристер Еуропа аумағы бойынша саяхаттай алатын болды. Алайда одақтың көптеген елінде туристерден ПТР тесттің нәтижесі талап етіледі. Оған қоса, саяхатшылар карантинде жатып шығуы шарт. Егер Дания елі жуырда бұл ережеден бас тартса, Норвегияда керісінше, барлық талаптар жіті қадағаланады. Бұдан бөлек, туристер өз есебінен мейманханада оқшауланып жатуы міндетті. Ал Италияда екі күн бұрын тапсырған тесттен бөлек шет ел азаматы жергілікті медицина орталықтарының біріне тіркеліп, 5 күндік карантиннен кейін қайтадан тест тапсыруы тиіс. Бельгияда бұдан да қатаң талаптар қойылған.

Антуан Изо, Дағдарысқа қарсы топтың өкілі:

- Егер шет елде 48 сағаттан артық болып, Еуроодақ пен Шенген аумағынан тыс елдерден ұшақпен, пойызбен немесе автобуспен Бельгияға қайтсаңыз, жолаушыларға арналған арнайы қағаз  толтыруыңыз керек. Кейін барған еліңізге қарай сіздің карантинде отыру немесе екі мәрте тест тапсыру қажеттілігі анықталады.

Бельгияның Консультациялық комитетінің кезекті отырысы алдағы жұма күні өтеді. Онда мамырдың 8-і күні елдегі барлар, дәмханалар мен мейрамханаларды ашу мәселесі қаралмақ.

Авторлары: Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов