Еуропада 6 мыңдай мигрант бала із-түзсіз жоғалып кеткен

Еуропада кәмелет жасына толмаған 18 мыңнан астам мигрант жоғалып кеткен.

The Guardian мәліметіне сәйкес, із-түзсіз кеткен балалар көбіне қылмыстық топтың тұзағына түсіп, құлдық қамытын киеді екен. Ал мұхиттың арғы бетіндегі АҚШ-та қайтадан көші-қон дағдарысының салқыны сезіле бастады. Жақсы өмір іздеген мыңдаған адам кезегін күтіп, Мексика шекарасында тұр.

Былтыр Еуроодақ аумағында 6 мыңдай мигрант бала із-түзсіз жоғалып кеткен. Missing Children Europe ұйымы келтірген дерекке сәйкес, олардың 90 проценті – ұл бала. Көбі Марокко, Алжир мен Ауғанстаннан келген. Ұйым өкілдерінің айтуынша, ізім-қайым жоқ болған балалар көп жағдайда қылмыстық топтың тұзағына түседі. Сөйтіп, бірі тауар сияқты сатылса, бірі жезөкшеге айналады екен.

Федерика Тоскано, Missing Children Europe орталығының көші-қон бөлімінің басшысы:

– Мигранттардың балалары түрлі себептермен жоғалып жатады. Кейбірінің баспана туралы өтінішті ұзақ күтуден көңілі қалса, басқалары лагерьлерден қашып кетеді. Өйткені, жергілікті билік оларды үйлеріне қайтарып жібереді деп қорқады. Хабар-ошарсыз кеткен балалардың көп болуы, оларды қорғау жүйесінің тиімді жұмыс істемейтінін білдіреді.

ЮНИСЕФ те мигрант-балалар туралы үрейлі дерек жариялады. Соңғы 3 айда Мексикада босқын бүлдіршіндер қатары 9 есеге артып кетіпті. Жыл басында олардың саны 380 болса, қазір 3 мың 500-ге жеткен. Біріккен Ұлттар ұйымы ахуалға алаңдаушылық білдіріп, Мексика, АҚШ және Орталық Америка елдерімен бірге мигранттарды қабылдауға қолайлы жағдай жасау ісін қолға алды.

Қазір АҚШ пен Мексика арасындағы шекарада 100 мыңдай босқын жүр. Оларды енді жатын орынмен қамтамасыз ету үшін Америка билігі 17 уақытша орталық құрмақ. Шекаралас Аризона штатының губернаторы жағдайға өте күрделі деген баға берді. Ал АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп шекарадағы мигранттар легі елдің тас-талқанын шығаруы мүмкін деген пікірде. «Фокс ньюске» берген сұхбатында ол Байден Ақ үйдің бұрынғы әкімшілігі істеп кеткен жұмысқа тиіспеуі керек еді деді.

Дональд Трамп, АҚШ-тың бұрынғы президенті:

– Кезінде менің әкімшілігім жағдайды ретке келтірген болатын. Бұл істі Байден сол қалпында қалдыруы керек еді. Мигранттардың Мексикада қалуы үлкен жетістік. Оған қолжеткізу оңай болған жоқ.

Ал Үндістанда еңбек мигранттарының жағдайы қиын боп тұр. Елдегі эпидахуалдың нашарлауынан мыңдаған жұмысшы үйлеріне кетуге асық. Былтыр бірнеше ай бойы елде қатаң локдаун енгізіліп, жұрттың жүріп-тұруына шектеу қойылған еді. Сол кезде шамамен 100 миллиондай мигрант үйлеріне жаяу немесе велосипедпен қайтуға мәжбүр болды. Мұндай саяхаттың соңы өліммен аяқталған деректер де кездеседі.