22 сәуір – халықаралық Жер күні

Бүгін халықаралық Жер күні! Адамзат баласын қоршаған ортаны  қорғауға шақыратын мереке бұл.

Өйткені жыл өткен сайын әбден тозығы жеткен жерлер мен экологиялық апаттар көбейіп барады.

Адамзаттың планета тағдырына селқос қарауы түбінде неге әкелуі мүмкін?

Ғани Мұқашұлы, тілші:

- Адам баласының табиғатқа қажетті деңгейде көңіл бөлмеуінен туатын қиындықтар көп. Соның бірі – жаһандық жылыну. Осыған байланысты Біріккен ұлттар ұйымы қазір дабыл қағып жатыр.

БҰҰ: Адамзат құрдымға кету алдында тұр

2020 жыл адамзат тарихындағы ең ыстық 3 жылдың бірі болды. Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның «Жаһандық климат» атты баяндамасын оқыған БҰҰ-ның бас хатшысы осылай деді. Антониу Гуттериштің айтуынша, былтыр орташа жаһандық температура индустриалды дәуірге дейінгі жағдаймен салыстырғанда 1,2 градусқа жоғары болған. Өткен жылы көп елде пандемияға байланысты шектеу шараларының нәтижесінде ауаға бөлінетін зиянды заттар мөлшері біршама төмендеді. «Алайда мұның өзі әлемдегі экологиялық ахуалды түбегейлі жақсартуға септігін тигізе алмады», - дейді мамандар. БҰҰ-ның бас хатшысы әлем елдерінің басшыларынан биыл климаттың өзгеруі мәселесіне қатысты нақты қадамдар қажет екенін айтты.

Антониу Гутерриш, БҰҰ Бас хатшысы:

- Адамзат құрдымға кету алдында тұр. Біз тропикалық дауылдар мен орман өртінің көбейіп кеткенін көріп отырмыз. Сондай-ақ мұздықтардың еруі де рекордтық деңгейге жетті. Мұның бәрі жаһандық жылынумен байланысты. Былтыр орташа темперутара индустрияға дейінгі дәуірмен салыстырғанда 1,2 градусқа жоғары болды. Ғалымдар қауіпті меже 1,5 градус екенін айтады. Біз ақырындап сол көрсеткішке жақындап келе жатырмыз.

Гутерриштің сөзіне Угандадағы жағдай дәлел. Өрт пен қуаңшылық салдарынан елде орманды алқаптар қысқарып жатыр. Угандадағы орманды жердің 8%-і тақырға айналған. Осы мәселеге байланысты африкалық Грета Тумберг саналатын 16 жастағы Лия Намугерва елдегі ормандарды жандандыру жоспарын ұсынды. Ол үшін 1 миллионнан астам ағаш егу керек. Осы мақсатта Лия «Туған күн ағаштары» деп аталатын жоба да құрыпты. Яғни. кез келген адам өзінің туған күнінде ағаш еге алады екен.

Лия Намугерва, экобелсенді:

- 2019 жылы мен 15-ке толдым. Сол кезде туған күнімді 200 көшет егумен атап өттім. Былтыр 500 ағаш ектім. Егер планетамыздың әр азаматы мен секілді әрекет етсе, әлем баяғыда-ақ жасыл желекке толар еді.

Қалай болғанда да, осы бір игі істе Лия жалғыз емес. Бразилияда бір топ экобелсенді тақырланған орманды жерлерге қайтадан өсімдік егу жұмыстарын қолға алды. Бүгінге дейін олар жазық жерге өсімдіктің 40 түрін егіпті. Табиғат жанашырлары адам қолынан зардап шеккен жерлерді қайта қалпына келтірмек ниетте.

Элоис Вандерлей, жоба менеджері:

- Бұл іске қанша жыл кететіні мүлдем маңызды емес. Жалпы адам баласы шамамен 70-80 жыл ғұмыр кешеді. Ал ормандар болса, мыңдаған жылдар бойы өмір сүреді. Сондықтан біз барынша табиғатты қорғауымыз керек деп санаймын.

Ұлыбританиялық белсенділер қазбалы отынды өндіруге қарсы

Ұлыбританиялық белсенділер бүгін HSBC банкі ғимаратының алдына жиналып, көмір энергетикасын қаржыландыру ісіне қарсы екендерін жеткізді. Наразы топтың айтуынша, банк 2050 жылға қарай көмір өнеркәсібін қаржыландыруды қысқарту туралы берген уәдесіне қарамастан, әлі күнге дейін қазбалы отынмен байланысты жобаларға қолдау көрсетіп келеді екен. Оның ішінде елді мекендерге жақын маңда зауыт тұрғызу жұмыстары да бар көрінеді. Осыған байланысты белсенділер ауаға кететін зиянды заттар мен олардың адам өміріне тигізер қаупіне алаңдаушылық білдіріп отыр.

АҚШ 2050 жылға қарай СО2 көлемін 50% азайтады

Осы мәселе бойынша дәл бүгін АҚШ-та екі күндік онлайн саммит басталды. АҚШ президенті Джо Байден бастамашы болған жиында ауаның ластануы мен климаттық дағдарыс мәселелері талқыға түседі. Оған 40 елдің басшылары шақырылған. Ақ үй әкімшілігі таратқан ақпарға сәйкес, Вашингтон өз мойнына міндеттеме алмақ екен.

Яғни, Америка 2050 жылға қарай ауаға кететін көмірқышқыл газ шығарындыларын 50% азайтады.