429,33 519.25 5.73
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Адамды робот алмастырған заман туды ма?

  • 89
  • UPD: 09:39, 23.04.2021

Әлемде індеттің таралуына байланысты құлтемірлердің қызметіне жүгіну көбейіп келеді.

Індет жағдайында көптеген сала адамдары арасында вирустың таралуының алдын алу үшін осындай қауіпсіз әдіс-амалды қолдануға ден қойған. Әсіресе қонақ үй, мейрамхана, әуе тасымалдау салалары.

Коронавирус індеті әлемдегі көптеген компанияны робот жасау технологиясын дамытуға итермелеуде. Мысалы, Швейцарияда ұшақ ішін оншақты минутта зарарсыздандыратын робот жасап шығарылды. Тазарту ультрақызыл сәулемен жүргізіледі. Қазір осы әдісті жергілікті әуе компаниялардың бірі аймақтық рейстеріне қолданып, сынақтан өткізіп жатыр. Мамандар бұл әуе тасымалын жандандыруға көмектеседі деп отыр.

Смехди Генен, Helvetic airways әуе компаниясының өкілі:

– Бізге жолаушылардың әуе сапарларына сенімін қайта қалпына келтіру маңызды. Адамдар ұшақтар толық зарарсыздандырылып, түрлі вирустан таза болатынына көз жеткізсе еш алаңсыз қайта ұша бастар еді. 

Осы елдегі тағы бір компания түрлі коктейль жасап, қызмет көрсете алатын робот бармен ойлап тапты. «Барни» деп аталатын құлтемір түрлі сусын дайындай алады. Оған телефон арқылы тапсырыс береді. Компания өкілдері мұндай құлтемірге сұраныс артатынына сенімді.

Джери Коломбо, F&P Robotics AG компаниясының өкілі:

– «Барни» толықтай автоматтандырылған. Ол 16 түрлі сусын дайындай алады. Қажет болса, тіпті сізбен әңгімелесіп, әзілдер де айтып бере алады.

Ал Сингапур көшелерінен «Камелло» деген роботты көруге болады. Құлтемір тұрғындардың интернет арқылы сатып алған тауарларын үйіне жеткізіп береді. Робот 40 келіге дейін зат таси алады. Ол үшін аппаратқа су өткізбейтін 2 жәшік орнатылған. Бұл құлтемір де әзірге сынақтан өтіп жатыр.

Линг Тинг Минг, инженер:

– Бұл толық автоматтандырылған робот. Ол бір жерден екінші жерге азық-түлікпен бірге өзге де заттарды жеткізе алады. Тұтынушы өзінің тауарын бақылай алуы үшін арнайы қосымша да жасап шығардық. Яғни құлтемір қай жерде жүргенін қашан келетінін біліп отыруға болады.

Ал америкалық «Бостон дайнамикс» компаниясы қоймалар мен көліктерге жүктерді тез тиеп түсіретін роботты таныстырды. Бұл құлтемірдің артықшылығы ол қоймаларда еркін қозғалып, түрлі міндеттерді атқара алады. Мамандар мұндай роботтың келешекте қойма жұмыстарын жеңілдетуге көмегі көп болар еді дейді.  

Дәурен Ақашұлы, Алмагүл Серікбаева

Хабар 24 телеарнасы