Жаһандық жылыну әлемді алаңдатып отыр

АҚШ президенті Джо Байден 2030 жылы атмосфераға бөлінетін парниктік газды екі есеге қысқартуға ниетті.

Ал 2050 жылға қарай оның бөлінуін нөлдік деңгейге түсірмек. Бұл туралы ол Халықаралық климаттың өзгеруі бойынша екі күндік саммитте хабарлады. Ақ үй басшысы бастаған шара онлайн форматта ұйымдастырылды. Оған 40-қа жуық әлем елінің көшбасшылары қатысқан.

Айта кетейік, Байден қызметіне кіріскеннен кейін АҚШ-ты ресми түрде Париж келісіміне қайта қосқан болатын.

Джо Байден, АҚШ президенті:

– Климаттың өзгеруі қаншалықты маңызды екенін түсініп отырмыз. Ғалымдардың айтуынша, алдағы онжылдық ең шешуші кезең. Сондықтан түрлі аппаттардың алдын алу үшін нақты шешімдерді қабылдауымыз керек. Жер бетіндегі температураны 1,5 градус Цельсияда сақтап қалуымыз тиіс. Өйткені жаһандық жылыну өрт, тасқын мен қуаңшылық апаттарына әкеп соғуы бек мүмкін.

Саммитке қатысқан  Колумбия президенті Иван Дуке 2022 жылы 300 мың гектар жерге 180 млн ағаш отырғызатынын хабарласа, 

Қытай басшысы Си Цзиньпин ауадағы көміртекті бейтараптандыру үшін 2026 жылдан бастап Қытай елі көмірді қолдануды қысқарта бастайтынын мәлім етті. Ал Еуроодақ тарапынан қатысқан Еурокомиссия басшысы Урсула Фон дер Ляйен жаһандық климаттың өзгеруіне экономикалық әл ауқаты мықты елдер біріксе ғана ортақ мақсатқа қол жеткізілетінін атап өтті.