Өткен ғасырлардың барлық құпиялары ашылды – Египеттің ежелгі істер министрлігі

Жуырда Луксор қаласынының маңындағы қазба жұмыстары кезінде табылған «Алтын шаһар» тарихтың беймәлім тұстарын тануға көп көмегін тигізеді.

Египеттің ежелгі істер министрі осындай мәлімдеме жасады.

Египеттің ежелгі істер министрлігінің отырысында ведомство басшысы сенсациялық мәлімдеме жасады. Халед әл-Ананидің айтуынша, өткен ғасырлардың барлық құпиялары ашылды деуге болады. Бірақ кемі 10 жыл күтуге тура келеді. Өйткені жергілікті археологтар жақында табылған «Алтын шаһарды» жіті зерттеуге дәл осыншама уақыт сұрап отыр. Ғалымдардың айтуынша, көне қалада Египетті біздің заманымызға дейінгі 14 ғасырда билеген Аменхотеп Үшінші өмір сүрген. Фараонның тұсында өзге империялармен сауда-саттық қыза түскен, жүздеген жаңа шаһар салынып, алтыннан ескерткіштер мен мүсіндер жасау сәнге айналған. Бұл Ежелгі Египет өркениетінің өрлеу заманы саналады. 

Суад Салах, археолог:

- Біз сол кездегі алтынның бір бөлгін тапсақ деп үміттеніп отырмыз. Аменхотеп фараоны кезінде даңғазалық қалыпты нәрсе саналатын. Адамдар алтын кесектерін сый ретінде тарта алатын. Фараон қазіргі тілмен айтанда бизнес серіктестеріне бағалы заттарды сандықпен не алып мүсіндер ретінде жіберетін. Біз сол қазынаны тауып алсақ, шынымен де фараондар алтыны болған ба, жоқ па деген сұраққа жауап табар едік.

«Алтын шаһар» 3 жарым мың жыл бұрын пайда болса керек. Ол Ніл өзенінің батыс жағалауында орналасқан. Археологтар бұл Тутанхамон мазарынан кейін маңыздылығы бойынша екінші ірі тарихи олжа екенін айтады. Негізі, көне шаһардың ғимараттары жақсы сақталған. Кейбір үйлердің биіктігі 3 метрге дейін жеткен. Мұны ежелгі заманғы өлшеулер бойынша зәулім ғимаратқа теңестіруге болады. 

Самия Кахраба, Хургада университетінің аға оқытушысы:

- Кезінде бұл шаһар ең ірі әкімшілік және өнеркәсіптік орындардың бірі болған. Неліктен Ежелгі Египет астанасы бірнеше жылға Амарнаға ауыстырылды? деген сауал - тарихтың басты сұрақтарының бірі. Табылған жәдігерлер соның жауабын табуға көмектеседі деп ойлаймыз.

Археологтар «Алтын шаһар» маңынан зират та тапқан. Олардың пайымдауынша, бұл қарапайым халықты жерлеуге арналған орын болған. Алайда осы күнге дейін сақталып қалған құжаттар бойынша мұнда асыл заттарға толы мазарлар мен фараондардың сарайлары болуы мүмкін. 

Жұлдыз Атагельдиева, Дмитрий Лукша, Светлана Брахмит, Амр Мурад 

Сондай-ақ...