Францияда карантин мамыр айында жеңілдеуі мүмкін

Коронавирустың үшінші толқыны ушығып тұрған Францияда карантиндік шектеу шаралары жеңілдетілмек.

Алайда науқастардың саны азаймаса, талап қайта өзгеруі мүмкін дейді билік өкілдері. Бүгінде Францияда күніне 30 мыңнан астам науқас тіркелуде. Қазір жансақтау бөлімдерінде шамамен 7 жарым мың адам ем қабылдап жатыр. Мамандар аймақтағы эпидахуал жақсарса, мамырдың 3-інен бастап халықтың қозғалысына қойылған шектеу жұмсаруы тиіс екенін айтады. Әзірге тұрғындар өз үйлерінен алысқа шыға алмай отыр.  Ал екпе егу науқанының қарқынына байланысты мамырдың 15-інен бастап кафе, мейрамхана, спортзал мен азық -түлік емес дүкендердің жұмысы біртіндеп жандана бастайды.  Десе де, шекара әзірге ашылмайды. Ал коронавирустың жаңа штамдары ушығып тұрған Бразилия, Чили, Аргентина, Оңтүстік Африка Республикасы мен Үндістаннан келгендер үшін 10 күндік карантиннің сақталуы полицияның қатаң бақылауында болады. Ережеге бағынбағандарға 1500 еуро айыппұл салынбақ.

Жан Кастекс, Франция премьер-министрі:

– Республика президенті 31 наурыз күні өз үндеуінде айтқандай, карантиннің жеңілдеуі мамырдың ортасынан басталатын болады. Алайда эпидахуал әлі де болса көңіл көншітпей тұрғандықтан санитарлық талаптар біртіндеп жеңілдейді. Барлық мекемелердің есігі бір уақытта ашылмайды.