Мехиконың 7 млн-ға жуық тұрғыны сусыз отыр

Өйткені сұйық қоймалардағы тіршілік нәрі орташа деңгейден 22 процентке азайып қалған.

Жергілікті тұрғындар шаһардағы су құбырларының тозығы жеткенін айтады. Бұған қоса аймақтағы қуаңшылық та жағдайды одан бетер ушықтырып тұр. Зерттеушілердің мәліметі бойынша жаһандық жылынудың салдарынан 2050 жылы Мехикодағы су 17 процентке дейін қысқаруы мүмкін. Осыған орай мамандар биліктің құбырларды жөндемейінше, не болмаса қаланы сумен жабдықтайтын жаңа қайнар көзі табылмайынша жағдай оңалмайды деп дабыл қағады.

Ана Елена Гомез, жергілікті тұрғын:

– Желтоқсан айынан бері сусыз отырмыз. Қазір оны сатып алып жүрміз. Құбыр арқылы тек 100 литр ғана су келеді. Бірақ бізде бір ғана жанұя тұрмайды. Ондаған отбасына бұл мөлшердің жеткіліксіз екені айтпаса да түсінікті.