АҚШ-тың наразылық шаралары жалғасуда

АҚШ-тың Солтүстік Каролина штатында 2 күннен бері наразылық шаралары басылмай отыр.

Осы аймақтағы Элизабет қаласында 21 сәуірде полиция Эндрю Браун есімді афроамерикалықты дәл үйінің жанында атып өлтірген болатын. Сол күннен бастап жергілікті тұрғындар шеруге шықты. Олар өздері мен балаларының өмірі үшін қорқатынын айтып, айыптыны жазалауды талап етуде. Ал штат билігі тергеу жүргізіліп жатқанын алға тартады. Бірақ полиция құрбан болған 40 жастағы азаматтың қолында қару болды ма, оған үйін тінту туралы ордер не үшін табысталуы керек болған деген қарапайым сұрақтарға әлі күнге дейін дұрыстап жауап бермеген. Оның үстіне, тәртіп сақшыларының бәрінде бейнекамера болған. Оның да жазбасы жарияланбай отыр. Оқ атқан полицей қазір әкімшілік демалысқа жіберіліпті.

Жан Фереби, жергілікті тұрғын:

– Іргедегі көршімді атып өлтірді. Өңі қашып кеткен балам бөлмеме жүгіріп келді. Оның қауіпсіздігін қалай қамтамасыз ете аламын? Бізге қызмет етіп, бізді қорғауы тиіс адамдардың өзі өмірімізді жалмап жатыр емес пе?!