Нью-Делидегі ауруханаларда оттегі таусылып қалды

Үндістанның денсаулық сақтау жүйесі құлдырау алдында тұр. Ел астанасы Нью-Делидегі 6 ауруханада өкпені жасанды желдету аппараттарына арналған оттегі таусылған. Басқа емханаларда да жағдай мәз емес. Коронавирустан ең қатты зардап шеккен штаттардың бірі Махараштраға оттегі баллондары тиелген пойыз жөнелтілді. Ковид-науқастарды емдейтін дәрі-дәрмек те тапшы. Салдарынан жұрт препараттарды қара нарықтан іздеуге мәжбүр. Ал базарда баға 5 есе қымбат көрінеді.

Сингх Кочхар, дәрігер:

- Бізге 110 науқас түсті. Көбі оттегіне тәуелді. Кеше баллонндарды алдық. Алайда жеткізілген оттегі қажетті мөлшерден екі есе аз болып шықты. 

Жергілікті тұрғын:

- Менің анам ауруханада 5 күн жатты. Оттегі таусылып, көз жұмды. Анашымның тыныс алуы қиындап, әбден қиналып өлді. Онымен бір палатада жатқан басқа науқастарда осылай көз жұмды.

Елдегі эпидемиологиялық ахуал расымен күрделі. Ауруханаларда орын жетпейді. Бір күн бұрын Үндістанда тәуліктік өсім 300 мыңнан асып, әлемдік антирекорд тіркелді. Кейінгі тәулікте 315 мыңға жуық адамның коронавирусқа тапсырған тесті оң нәтиже көрсеткен. Бір күнде 2 мыңнан аса адам көз жұмды. Жергілікті крематорийлер марқұмдардың денесін өртеп үлгірмей жатыр.

Джитендер Сингх Шанти, медициналық орталық басшысы:

- Крематорийде орын жоқ. Сондықтан біз марқұмдардың денесін мына жерде өртеуге мәжбүрміз. Мұнда бұрын көлік қоятын орын болған. Биліктен рұқсат алдық. Алайда марқұмдар саны артып барады. Отын тез таусылып жатыр. Жағдай осылай жалғаса беретін болса, 4-5 күннен кейін денелерді жолдың бойында өртеуге тура келеді. Басқа амал жоқ.