Түркияда қос мереке карантин шектеулері жағдайында атап өтілді

23 сәуір Түркияда Ұлттық егемендік және балалар мерекесі. Бүлдіршіндер күнін Ататүріктің бастамасымен 1927 жылдан бері атап өтеді. 1920 жылы республика тарихында тұңғыш рет парламент отырысы өтті. Сол датадан бастап, Ұлттық егемендік күні ретінде де кеңінен тойлап келеді.

Меруерт Қанағат, тілші:

- Түркияда биыл да ресми мереке карантин жағдайында аталып отыр. Себебі белгілі. Коронавирус. Түрік билігі елдегі эпидемологиялық жағдайға байланысты бүгінмен қоса алғанда демалыс күндеріне толық локдаун енгізді. Коменданттық режим дүйсенбі күні таңғы 05:00-ке дейін жалғасады. Бұл күндерде тұрғындарға тек азық- түлік дүкендері мен медициналық мекемелерге баруға рұқсат.

Әдетте 23 сәуірде  елдің түкпір- түкпірінде қоғамдық шерулер өтіп, алуан түрлі шаралар ұйымдастырылатын. Халық Ататүріктің мавзолейіне ағылып, ұлттық рухты тағы бір рет көтеріп алатын.

Биылғы мейрам Түркия парламенті спикері Мұстафа Шентоп бастаған топтың Аныткабир кесенесіне зияратымен басталды. Ел көлемінде жергілікті билік басшылары карантин ережелеріне сәйкес, мерекені атап өтті. Ал Ыстамбұл мен Измирдегі муниципалитеттер арнайы шеру өткізіп, азық-түлікке шыққан азаматтарға түрік байрағын тарту етті. Шеруді үй балкондарынан тамашалаған жұрт республика ұрандарын орындап, алқызыл байрағын желбіретті.

Белинай Чиви, жергілікті тұрғын: 

- Ататүрік бұл мейрамды бүкіл әлемдегі балаларға тарту етті. Коронавирусқа байланысты үйде тойлап жатырмыз. Біздің мерекемізге ешқандай ауру тосқауыл бола алмайды. Балконымызға 23 сәуір бұрышын жасап, онлайн құттықтап жатырмыз.

Меруерт Қанағат, тілші:

- Ішкі Анадолыда орналасқан Кападокияда болса кәсіпкерлер атаулы күнге орай байрақтармен көмкерілген әуе шарларын ұшырды. Дәл қазір мен қала орталығында орналасқан балалар саябағында тұрмын. Әдетте осындай жерлерде балалар мерекесі дүркіреп тойланатын. Дегенмен, түрік билігі, қазір карантин шараларын енгізуге мәжбүр.