Оңтүстік Кореяда халықтың 4%-і ғана вакцина алды

Оңтүстік Кореяда коронавирусқа қарсы халықты вакциналау қарқыны көңіл көншітпей отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Екпенің бірінші дозасын халықтың 4%-і, яғни 2 миллион 35 мың адам алды. Екінші дозасы тек 79 мың азаматқа егілді. Вакциналау науқанының баяу жүруіне AstraZeneca препаратын қолданғаннан кейін «13 мыңнан астам адамның денсаулығында кінәраттың пайда болуы әсер етті», - дейді мамандар. Қазір Сеул мен Кёнги провинциясының тұрғындары екпе алып жатыр. Ал шағын қалалар мен ауылдардағы жағдайы қандай?

Владислав Цой, тілші:

- Намхе уезіндегі қырық үш мың тұрғынның үштен бірі 65 жастан асқан. Бұл – коронавирусқа карсы вакцинаны бірінші кезекте алуы керек топ. Сондықтан мұнда екпе егу науқаны қызу жүріп жатыр. Округтегі 10 ауылдан адамдар екпе орталығына арнайы автобуспен жеткізіледі. Ең алдымен вакцина алатын адамның жеке деректері тексеріледі, содан кейін дәрігер қарайды. Барлық тиісті процедуралардан кейін барып, екпе алуға рұқсат беріледі.

Квак Ки Ду, Намхе уезінің денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы:

- Қазір Pfizer вакцинасы 75 жастан асқан тұрғындарға егіліп жатыр. Екпе алу күнін ұмытып кетпеу үшін қызметкерлеріміз тұрғындарға белгіленген күн мен уақытты есіне салып отырады. Барлық азаматтар вакцинаны осы орталықта алады. Тек қарттар үйі мен ауруханаларға медициналық топ арнайы барады.

Адамның екпе алуға уақытында келуі өте маңызды. Өйткені әр науқасқа арнайы вакцина дайындалады.

Владислав Цой, тілші:

- Қазір осында маңызды процесс жүріп жатыр. Шприцтарды вакцинамен толтырып, осы контейнерге салады. Оны 6 сағаттың ішінде қолдану керек.

Квак Ки Ду, Намхе уезінің денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы:

- Бұл қосымшада вакцинаны сақтауға арналған жабдықтың параметрлері көрсетілген. Мұндай қосымша уез басшылары, шенеуніктер, күзетшілер мен полиция қызметкерлерінің ұялы телефонына орнатылған. Температура әрқашан минус 75 градус болуы керек. Төтенше жағдай болған кезде телефонға қоңырау келеді.

Екпені алғандар 30 минут дәрігердің бақылауында болады.

Ли Джо Ун, Намхе уезінің тұрғыны:

- Мен вакциналауды қолдаймын. Өйткені коронавирус кесірінен қиыншылықтар көп. Демалысқа бара алмайсың. Екпе алу көмектеседі деп ойлаймын.

Өткен жылдың аяғында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Намхэ уезін қарттардың тұруына қолайлы аймақ ретінде таныды. Мұнда 100 жастан асқан 17 адам тұрады. Кореяда індет таралғалы бері осы Намхе уезінде тек 28 адам вирус жұқтырған. Бүгінде олар құлан-таза емделіп шыққан.

Чан Чхун Нам, Намхе уезінің басшысы:

- Намхе Кореядағы ең әдемі жерлердің бірі болып саналады. Уез көптеген пайдалы өсімдіктер өсетін аймақ ретінде және сиыр еті мен теңіз өнімдерімен көпшілікке танымал мекен. Сондықтан мұндағы адамдар ұзақ өмір сүреді.

Кореяда күніне шамамен 130 мың адам екпе алады. Осы айдың соңына дейін 3 миллион адам вакцина қабылдайды, ал маусым айының соңына дейін екпе алғандардың жалпы саны 12 миллионға дейін жетеді деп жоспарланған.

Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян

Сондай-ақ...