Еурокомиссия мен Pfizer-Biontech жаңа келісімге қол қоймақ

Еуропаның дәрі-дәрмекті бақылау агенттігі Pfizer және Biontech компаниясының вакцинасын шығаруды арттыруға рұқсат етті, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Осыған байланысты Бельгияның Пуурс қаласында орналасқан зауыт бірлестік екпесін шығару көлемін 20%-ке ұлғайтады. Ресми Брюссель Pfizer-Biontech компаниясымен екпе сатып алу жөнінде жаңа келісімшарт та дайындап жатыр. Бұл туралы Еурокомиссия басшысы Урсула фон Дер Ляйен мәлім етті. Құжат шілде айына дейін Еуроодақ аумағындағы егде адамдардың 70%-ін вакциналауға мүмкіндік бермек. Ал ресми дерекке сүйенсек, қазірге дейін Еуроодақта қарт адамдардың төрттен бір бөлігі екпенің бірінші дозасын алған.

Урсула фон дер Ляйен, Еурокомиссия президенті:

- Біз қазір Pfizer-BioNTech компаниясымен бірлесіп, жаңа келісімшарт бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Келісім бізге 2021-2022 жылдары 1 миллиард 800 миллион доза вакцина алуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде иммунитетті күшейту үшін халықты қайталап егетін вакцинаға қол жеткіземіз.