Байден 1915 жылғы армяндарға қарсы қырғынды «геноцид» деп атады

АҚШ президенті Джо Байден 1915 жылы Осман империясы кезінде армяндарға көрсетілген қуғын-сүргінді «геноцид» деп атады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Президент өзінің мәлімдемесінде сол жылы миллиондаған армянның жер аударылып, қырғынға ұшырағанын айтады. Және бұл мәлімдеме кінә арту емес, келешекте мұндай оқиғалардың қайталанбауы үшін жасалғанын жеткізген. Ал қазір әр елде тұрып жатқан армяндар Ақ үй басшысының мәлімдемесін қуанышпен қабылдаған.    

Жергілікті тұрғын:

– Ештен кеш жақсы. Мен өте бақыттымын деп айта аламын. 106 жыл өтсе де, бұл тарихи сәтті ақыры АҚШ мойындады. Енді өзге де елдер мойындаса екен деймін. Бұл тарихты ұмытпаудың алғашқы қадамдары деп білемін.

Байденнің мәлімдемесіне қатысты Анкара да өз жауабын берді. Түркия сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглу мұндай ұстанымды қолдамайтынын білдіріп, бұл мәлімдемені популистік әрекетке теңеді. Ал сарапшылар Байден мәлімдемесі екіжақты қарым-қатынасты ұшықтыруы мүмкін дейді.

Жергілікті тұрғын:

– Саясаткерлердің баяндамасының қандай да бір астары болады. Сол себепті олардың мәлімдемесін шынайы қабылдау мүмкін емес. Жүз жыл бұрынғы қырғынды «геноцид» деп мойындаудың арғы жағында, яғни түп мақсатында өзге де пиғыл жатыр деп білемін.