Сеулде коронавирусқа қарсы тауарлар көрмесі ұйымдастырылды

Әлемді жайлған індетке қатысты көрмелердің бірі Оңтүстік Корея астанасында өтіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Мұнда коронавирустан қорғайтын бетперде, экспресс-тест, сүзгіш сынды түрлі тауарлар ұсынылған.

Бұл – індетке байланысты өз кәсібін өзгертуге мәжбүр болған жергілікті 137 компания жасаған қорғаныш заттары. Вирусқа қарсы өнімдерді Сеулдегі тілшіміз Владислав Цой да көріп қайтты.

Владислав Цой, тілші:

– Көрмеге кіру шектелген. Бірақ сақтық шаралары жоғары деңгейде. Ғимаратқа кіреберісте дене қызуын өлшейтін бірнеше құрал қойылған. Ал мына құрылғы киіміңізді зарарсыздандырады. Сондай-ақ түрлі бетперделер бар. Адамның жеңіл тыныс алуына қолайлы етіп жасалған әрі бауы құлақ ауыртпайтын бетперделер, елдің байрағы бейнеленген маскалар көруге болады. Ал мына бұрышта вирусқа қарсы қолданылатын сұйықтықтар тұр. Мынадай бір құрал 300 шаршы метр аумақты зарарсыздандыра алады. Көліктерді тазалайтын құрал-жабдық та бар. Ал мына сепкіш жай суды бактериялар мен вирустарды жоятын сұйықтыққа айналдыра алады. Оның құпиясы ішінде сүзгіш ретінде орнатылған ақ алтында. Ол батареямен 2-3 сағатқа дейін жұмыс істей алады.

Чо Гван Тэк, компания департаментінің директоры:

– Мына сүзгіш желдеткіштерге арналған. Егер оны желдеткішке қыстырса, ғимарат ішіндегі ауаны тазалайды. Бұл Оңтүстік Кореяда мектептер мен қоғамдық орындарда қолданылады. Америка мен Жапонияда да бекітілді.

Владислав Цой, тілші:

– Мына материал адамның денесін дезинфекциялай алады. Қарапайым матаға ұқсайды. Мысалы, мына хиджабты кисе, онда бетперде тағудың қажеті жоқ. Ал мына жабыстырғыш адамның дене қызуын бақылауға арналған. Егер 37 градустан асса, оның түсі бірден өзгереді.

Чо Дон Хи, көрмені ұйымдастырушы:

– Көрмеге қатысып жатқан компаниялардың барлығы бұған дейін сауда, логистика, көлік сынды түрлі салада жұмыс істеген. Коронавирустың салдарынан бизнесін өзгерткен. Қазір вирусқа қарсы тауарларға сұраныс көп. Сондықтан осы бағыттағы жұмыстарын жалғастыра беруге ниетті.

Осы құрылғылардың көмегімен мұрныңыздан сынаманы өзіңіз алып аурухана жібере аласыз. Нәтижесі келесі күні дайын болады. Дәрігерлердің көмегіне де жүгінбей-ақ қоюға болады. Ал коронавирусқа қарсы мына экспресс-тест кеселді жұқтырғаныңызды 20-30 минуттың ішінде 93 процент дәлдікпен анықтайды. Компаниялар көрмеге қойылған тауарлардың бәрін шетелде, оның ішінде Қазақстанда да шығаруға дайын.

Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян